Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов қайырымдылыққа жиналған қомақты қаражатты жымқырды деп айтыпталған атышулы Перизат Қайраттың ісіне қатысты тың мәліметтерді жария етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
ҚМА өкілі тергеу амалдары жақында аяқталатынын айтты.
– Жуық арада тергеудің біткенін хабарлап, іс материалдарымен танысу кезеңіне өтеміз. Ал танысу қанша уақытқа созылатынын нақты айта алмаймын, – деді Елемесов Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына берген жауабында.
Соттың өту мерзімі тараптардың іс материалдарымен толық танысып шығуына байланысты болмақ. Тергеу жұмыстары шамамен наурыз айының басында аяқталуы мүмкін.
Агенттік төрағасының орынбасары Перизат Қайрат алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру баптары бойынша айыпталып отырғанын атап өтті.
«Бізде үш эпизод бар. Күдікті бұған дейін су тасқынына, Палестинаға көмек ретінде жиналған қаражатты жымқыру эпизодтары бойынша тергеліп келген. Ал жақында мүгедек балаларды оңалтуға арналған орталық ашуға деп аукцион өткізіп, 22 миллион теңге жинап, оны да өз мақсатына жұмсағаны анықталды», – деп нақтылады ол.
Жеңіс Елемесов Перизат Қайратпен қатар оның анасы да күдікке ілінгенін, алайда оның қамалмағанын айтты.