Конференцияның күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралды.
Қарағанды облыстық «Жастар рухы» Жастар қанатына жаңа төраға сайланды
873
оқылды

2025 жылғы 18 ақпан күні Қарағанды облыстық «AMANAT» партиясының филиалында «Жастар рухы» Жастар қанатының кезектен тыс XXII есеп беру-сайлау конференциясы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Конференцияның күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралды:  

  1. Қарағанды облыстық «Жастар рухы» Жастар қанатының 2019-2025 жылдар аралығындағы атқарған жұмысы туралы есеп беру.
  2. Қарағанды облыстық «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасын сайлау.

Конференция барысында Қарағанды облыстық «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағалығына Мажитов Арафат Азаматұлының кандидатурасы ұсынылып, делегаттардың бір ауыздан қолдауымен төраға қызметіне  сайланды.

Жиын барысында «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков жастар бастамаларының өңірдің әлеуметтік-саяси өмірін нығайтудағы және Қазақстанның дамуына қосар үлесі туралы ерекше айтып өтті.

«Қарағанды – өнеркәсіп пен жұмысшы жастар қаласы. Облысымызда түрлі санаттағы жас азаматтар бар. Жаңадан сайланған көшбасшы Жастар қанаты мен өңір жастары үшін нәтижелі, оң көрсеткіштерге толы жұмыстар атқаратынына сеніміміз мол. Біз әрқашан партия тарапынан жастарды дамытуға бағытталған барлық бастаманы қолдаймыз және олардың әлеуетін жүзеге асыру үшін жағдай жасауға күш саламыз», – деді Бекзат Алтынбеков.

«Жастар рухы» төрағасы Ақерке Искандерова жаңадан сайланған көшбасшыны құттықтап, жастар жүзеге асыруы тиіс алдағы міндеттерге тоқталды.

«Еліміздің орталығында орналасқан Қарағанды облысы өнеркәсіптік даму жөнінен алдыңғы орында тұрған өңірлердің бірі. Өңір тек индустриалды орталық ғана емес, жас буынның күш-жігерімен де ерекше көзге түседі. Қазақстан халқының оннан бір бөлігі қоныстанған аймақта 306 мыңнан астам жас бар. Алдағы уақытта өңірдегі ауыл жастарына назар аудару басты міндет саналады. Барынша жұмысшы мамандықтарды насихаттау, жастардың мансаптық мүмкіндіктері туралы хабардарлығын арттыру және негізгі салаларда кәсіби бағдарды ынталандыруды бірлесе атқаратын боламыз», – деді Ақерке Искандерова. 

Конференция барысында «Жастар рухы» төрағасының орынбасары Ержан Хамитов 2019-2024 жылдары атқарылған жұмыстардың есебін баяндады. Ол облыстағы жастарды қоғамдық процестерге белсенді тарту және олардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға бағытталған жұмыстың нәтижелі болғанын атап өтті. 

«Университеттің 1-курсынан бастап осы ортада белсенділік танытып, үлкен өмір мектебінен өттім. Мұнда мен тек тәжірибе жинап қана қоймай, маған сенім артатын нағыз достар мен ортамды таптым. Алдымызда көптеген жобалар мен ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Құрылған жоспарлар мен айтылған міндеттерді сапалы орындайтын боламыз», – деді Қарағанды облыстық «Жастар рухы» Жастар қанатының жаңадан сайланған төрағасы Арафат Мажитов.

Сонымен қатар, «AMANAT» партиясы жанындағы Қарағанды облыстық жастарды қолдау жөніндегі кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Асқар Оразбеков жастар бастамаларын қолдаудың және олардың саяси және әлеуметтік өмірге белсене араласуының маңызына тоқталып, құттықтау сөзін айтты. Ал, Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова жастар ұйымының мүшелерінің жетілуі мен жауапкершілігін жоғары бағалады.

Айта кетейік, конференцияға Қарағанды облысының түрлі қалаларынан және аудандарынан 200-ден астам қатысушы, «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі өңірлік кеңестің мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, жастар ұйымдарының басшылары, қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты. 

Конференция жастар қозғалысының Қарағанды облысында әрі қарай дамуы мен өнімді жұмысына деген сеніммен аяқталды.