Бүгін апелляциялық сот алқасы Жоламан Құсайынның әрекетін қайта қарастырып, оның өзін-өзі қорғау шегінен асқанын, бірақ денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру деп бағаланбайтынын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Irbis.tv арнасына сілтеме жасап.
Апелляциялық сот істі қайта қарап, сарапшыдан қосымша жауап алу туралы шешім қабылдады. Бір сағат бойы Сергей Сухоносенконың басындағы жеті соққының қалай пайда болғанын талқылады. Прокурор Жоламанның қарсыласын қасақана ұрып-соғып, оның өліміне себепкер болғанын алға тартты. Ал марқұмның анасы алғашқы сот инстанциясы шығарған 4,5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкімді тым жеңіл деп санайтынын жеткізді.
«Мен тек оның не істегенін түсініп, жауапкершілікті сезінуін қалаймын. Ол менің ұлымның өмірін қиды. Жазасын өтесін, түрмеде отырсын. Ол тірі қалды, ал менің балам жоқ», – деді Сергей Сухоносенконың анасы.
Апелляциялық сот марқұмның анасынан тағы да сұрақ қойып, тараптардың пікірін тыңдады. Жаңа үкім жарияланған сәтте сот залында отырғандар қол шапалақтап, қуаныштарын жасырмады.
«Құсайынның әрекеті Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігінен 112-бабының 2-бөлігіне қайта сараланып, оған бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деп жариялады Павлодар облыстық сотының судьясы Мұрат Солтыбаев.
Сот Жоламан Құсайынның алты ай тергеу изоляторында болғанын ескере отырып, оның жазасын өтегенін анықтады. Бостандыққа шыққанын естіген жігіт көз жасын тыя алмады.
«Пышақпен бетпе-бет келгенде әркім әртүрлі әрекет етеді. Бірі айғайлайды, бірі қашады, ал мен қорғандым. Ешкім мұндай жағдайдан сақтандырылмаған. Дұрысы – қашу, бірақ шок күйінде адам өзінше әрекет етеді», – деді Жоламан Құсайын сот залынан шыққан соң.
Ал оның адвокаты оның кінәсі мүлдем жоқ деп санайды.
«Бұл жағдайда оның еш кінәсі жоқ. Қылмыстық кодекстің 32-бабын қолданып, оны қылмыстық жауапкершіліктен толық босату керек еді деп есептеймін. Сондықтан Жоғарғы сотқа шағым түсіру мүмкіндігін қарастырамын», – деді оның адвокаты Ерлан Ғазымжанов.
Апелляциялық соттың үкімі бірден заңды күшіне енді. Дегенмен зардап шеккен тарап та Жоғарғы сотқа шағым түсіре алады.