Көрермен «Отырар сазы» оркестрі мен франциялық скрипкашы Фредерик Жоуанненің концертін тамашалап, халқымыздың бай мұрасынан сусындады.
Ұлы дала әуені Париж төрінде шырқалды. Төрт ай бойы Қазақстанның ұлттық көрмесі Гимэ музейіне келушілерді таңғалдырып, тамсандырып келеді. Ауқымды іс-шараның бір бөлігі ретінде француз тыңдармандарына ерекше концерт ұйымдастырылды.
Қазақтың халық әндері мен француз шығармалары бір-бірімен астасып, бірге өрілді. «Адай» күйінде скрипканың дыбысы қаншалықты үйлесім тапса, қобыз бен домбыраның үні де норманд әуендерінде дәл солай үндесті.
Іс-шара ұйымдастырушыларының айтуынша, концертке билеттер әп-сәтте сатылып кеткен. Ол Қазақстан ұлттық көрмесімен байланысты. Соңғы екі жылда Гимэ музейіне келушілер саны артқан екен. Кеш аяқталған соң көрермен әртістерді ұзақ уақыт қол шапалақтап, қошемет көрсетті. Кейін қонақтар Қазақстан туралы танымын кеңейту мақсатында көрме экспонаттарын тамашалады.