"Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) мәліметінше, 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы іске қосылған 12 ай ішінде аталмыш Қор шамамен 6,30 млн АҚШ долларына 62 697 өтініш орындаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында 3,63 млн астам долларға 36 119 өтініш, білім алу ақысын төлеу үшін шамамен 2,67 млн долларына 26 578 өтініш орындалды. Естеріңізге сала кетейік, нысаналы жинақтарды алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы, ақшаның пайдаланылмаған қалдығы нысаналы жинақтау шотында қала береді.
Тұрғын үй жағдайларын жақсарту аясында қазақстандықтар қаржыларын көбінесе мынадай мақсатта пайдаланған: одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыру (шамамен 3,53 млн долларына 35 113 өтініш орындалды), тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу – шамамен 30,27 мың АҚШ долларына 304 өтініш, азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) – шамамен 29,60 мың АҚШ долларына 295 өтініш.
Білім алу ақысын төлеу бойынша ең танымал қосалқы мақсаттар: Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе бір рет толық көлемде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (2,25 млн долларға 22 435 өтініш орындалды), білім алу үшін жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім алу жинақтау салымын толықтыру (314,86 мыңға жуық долларға 3 133 өтініш орындалды), шетелдік білім беру ұйымдарының оқыту қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде біржолғы (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (88,47 мың долларға 880 өтініш орындалды).
Биыл еліміздің азаматы болып есептелетін барлық балаларға екінші рет Қазақстан Ұлттық қорынан қаражат есептелді.
"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасына қатысушылардың жалпы саны (2024 жылғы 31 желтоқсанның соңындағы жағдай бойынша) – 6 921 035 бала. Оның ішінде 324 430 қатысушы 2025 жылы 18 жасқа толады. Есепті жылы барлық балаларға бірдей сома есептеліп, оның бір балаға шаққандағы мөлшері – 129,38 доллар.
2024 жылы Ұлттық қордан алғашқы қаражат есептелген балаларға, 2006 жылы туған балаларды қоспағанда, биылғы жылы 3,04 АҚШ доллары мөлшерінде инвестициялық кіріс есептелді. Нәтижесінде, бағдарламаға 2 жыл қатарынан қатысқан баланың нысаналы жинақтары 232, 94 долларына жеткен.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.