20 ақпаннан бастап «ҚазАгроҚаржы» АҚ Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторын қолдауға бағытталған лизингтің үш жеңілдетілген бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдауды бастайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Бөлінген қаражаттың жалпы сомасы жылдық 6% мөлшерлеме бойынша 10,5 млрд теңге.
Қаржыландыру төмендегідей бөлінеді:
«Өз жемшөбіміз» 3 млрд теңге;
«Қазақстанда жасалған» 5 млрд теңге;
«6%-бен жеңілдетілген лизинг» 2,5 млрд теңге.
«Қазақстанда жасалған» бағдарламасы бойынша аграрлықтар аспалы, тіркемелі және өздігінен жүретін ауылшаруашылық техникасын, сондай-ақ отандық өндірілген және құрастырылған көлік құралдарын жылдық 6% мөлшерлеме бойынша 10 жылға дейінгі мерзімге сатып алады. Аванс мөлшері лизинг нысанасының 15%-нан басталады. «Өз жемшөбіміз» бағдарламасы қазақстандық және шетелдік өндірістің жемшөп дайындайтын техникасы мен мобильді суару жүйесін қаржыландыруға бағытталған. Мұндағы мөлшерлеме де жылдық 6%-ды құрайды, мерзімі – 10 жылға дейін, аванс – кемінде 15%.
«Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы фермерлерге отандық өндірілген/құрастырылған өздігінен жүретін ауылшаруашылық техникасын жеңілдетілген шарттармен аванссыз 10 жылға дейінгі мерзімге 6% мөлшерлемемен сатып алуға мүмкіндік береді.
«Лизингтің жеңілдетілген бағдарламалары біздің клиенттер арасында үлкен сұранысқа ие. Сондықтан бос ақша қаражаты пайда болған сәтте, біз оларды лизингтің осы үш бағдарламасына бағыттауды шештік. Олар – «Қазақстанда жасалған», «Өз жемшөбіміз» және «Жеңілдетілген лизинг». Оған қоса, қазір алдағы егіс маусымына дайындалатын уақыттың дер кезі», – деп атап өтті «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев.
Лизингке өтінімдер қабылдау 20 ақпанда сағат 15.00-ден басталады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.