Атырауда ішімдіктен бас тартқан ауылдардың саны 54-ке жетті, - деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қаңтар айында Атырау облысы Полиция департаменті алкоголь өнімдерінен бас тартып, ішімдіксіз ауыл атанған Индер ауданының Құрылыс ауылын өзге аумақтарға үлгілі елді мекен ретінде жариялаған болатын. Бұл бастама өңірдегі басқа да ауылдарға серпін беріп, ақпан айының қорытындысы бойынша, ішімдіктен бас тартқан елді мекендердің саны 54-ке жеткен. Ішімдіксіз өмір салтын ұстанатын ауылдардың көбеюі қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың әл-ауқатына оң әсерін тигізеді. Осындай ауылдардың бірі – Индер ауданына қарасты Құрылыс ауылы. Бұл елді мекен соңғы бес жыл ішінде алкогольді ішімдіктерден толықтай бас тартып, салауатты өмір салтын ұстанудың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Ауыл дүкендерінде алкоголь өнімдері сатылмайды, ал тұрғындар ішімдіксіз өмірді саналы түрде таңдаған.
Құрылыс ауылы құқықтық тәртіп пен тыныштықтың үлгісі ретінде танылып келеді. Тұрғындардың бірлескен шешімі нәтижесінде мұнда мас күйде жасалатын құқықбұзушылықтар мүлде кездеспейді, соңғы бір жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұл бастама ауылдағы қоғамдық тәртіпті нығайтып қана қоймай, қауіпсіздік деңгейін де арттырған.
Ауылдың учаскелік полиция инспекторы Исатай Жасталапұлының айтуынша, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануы және қоғамдық қауіпсіздікке баса назар аударуы елді мекеннің өркендеуіне оң ықпал етіп жатыр. Құрылыс ауылының азық-түлік дүкендерінің иелері де тұрғындардың денсаулыққа зиянды өнімдерден бас тартқанын қуана айтады. Мұнда көшеде мас күйде жүрген адамдарды кездестірмейсің, бәрі еңбекпен айналысып, өз шаруаларына ұқыптылықпен қарайды. Ауылдағы құқықтық тәртіпті сақтауда құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысы маңызды рөл атқаруда. Әсіресе, полицияның тұрғындармен тығыз байланысы мәселелерді уақытылы анықтап, шешуге көмектеседі. Бұл тәжірибе басқа да ауылдар үшін үлгі болып, бүгінде Қызылқоға ауданында – 17, Құрманғазы ауданында – 16, Исатай ауданында – 6, Индер ауданында – 4, Жылыой ауданында – 3, Махамбет ауданында – 7, Мақат ауданында – 1 ауыл мен елді мекен алкоголдік өнімдерден бас тартқан.
Құрылыс ауылы мен алкогольден бас тартқан басқа да ауыл тұрғындары салауатты өмір салты мен тәртіпті сақтаудың арқасында өздерін қауіпсіз әрі жайлы ортада сезінеді. Бұл – бірліктің, тәрбиенің және ортақ жауапкершіліктің нәтижесі. Өңірдегі тағы 53 ауылдың осындай шешім қабылдауы – қоғамдағы салауатты өмір салтына деген бетбұрыстың айқын көрінісі.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.