Әйел Астана, Алматы қалаларында және «Бурабай» демалыс базасында жоқ үйлерді «жалға берген».
Астанада жоқ үйлерді жалға берген әйел ұсталды
Фото: istockphoto
371
оқылды

Астанада Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында жоқ үйлерді жалға берумен айналысқан 29 жастағы әйелді ұстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті Krisha.kz сайтында үйлерді жалға беру туралы жалған хабарландырулар жариялаған. Жәбірленушілермен хат алмасу кезінде ол Астана, Алматы қалаларында және «Бурабай» демалыс базасында үйлерді жалға беруге уәде еткен.

Пәтер жалдауға қызығушылық танытқан азаматтар жалған банк шоттарына алдын ала төлемдерді аударып, кейін пәтер иесімен байланыс үзілген. Нәтижесінде жәбірленушілер ақшасынан айырылды.

– Жедел іс-шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, қолға түсірді. Ұсталған азаматша өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде, күдіктінің 5 эпизодқа қатысы бар екені анықталды, – делінген мәліметте.

Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарды сақ болуға және ақша аударудан бұрын ақпаратты мұқият тексеруге шақырады. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, дереу полицияға хабарласу қажет.