Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев белгілі қазақстандық әнші, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің Ізгі ниет елшісі Димаш Құдайбергенмен кездесті.
Димаш Құдайбергенге ізгі ниет елшісі белгісі табысталды
525
оқылды

Мәулен Әшімбаев Димаш Құдайберген өзінің шығармашылығымен қазақтың ұлттық мәдениетін дәріптеуге үлкен үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Палата Спикері әншінің өнер арқылы бейбітшілік пен ізгілік идеяларын насихаттауға және халықтар мен мәдениеттер арасындағы диалогты нығайтуға тигізіп отырған ық­палына назар аударып, бұл аса маңызды миссия екенін айтты. Сондай-ақ ол атал­ған құндылықтар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің қағидат­тарымен үндес екенін тілге тиек етті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дінаралық және өркениетаралық диалог мәселелеріне үнемі баса мән беріп келеді. Қазіргі таңда бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған жаһан­дық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Осындай жағдайда рухани дипло­матияның маңызы бұрынғыдан да арта түскені анық. Сондықтан бейбітшілік пен диалог мәдениетін дәріптеу аса маңызды. Бұл ретте діни, саяси және қоғамдық көшбасшылардың бірлескен күш-жігері айрықша мәнге ие. Осы бағытта Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары cъезінің Ізгі ниет елшілері маңызды рөл атқарады. Сіз алдағы уақытта да өзіңіздің шығармашылығыңызбен және креативті жобаларыңызбен бейбітшілік пен келісім идеяларын халықаралық деңгейде ілгері­лету­ге зор үлесіңізді қоса бересіз деп сенемін», – деп Мәулен Әшімбаев Димаш Құдайбергенге cъездің Ізгі ниет елшісі төсбелгісін табыс етті.

Кездесуде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі мен Жас діни лидерлердің II форумына дайын­дық барысы, cъезд тұжырымдама­сын іске асыру мәселелері және осы бағыттағы бірлескен жобалар талқыланды.

Айта кетейік, «Діндер диалогы: бола­шақ жолындағы синергия» тақырыбына арналатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі 2025 жылғы 17-18 қыркүйекте Астанада өтеді.