Жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабеков 82 жастан асқан шағында өмірден өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл туралы Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов жазды.
"Қайран, Дулат ағам-ай, мынау жарық дүниеден сіздің де кеткеніңіз бе? Осы қазір ғана, он – он бес минут бұрын Естияр Дулатұлы інішегім маған осынау алапат қайғылы хабарды жылап тұрып жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Әбдешұлына, қала басының төңірегіндегі жігіттерге, басқа да ел ағаларына қаралы хабарды жеткіздім. Қазір өзім ағамның үйіне қарай кетіп бара жатырмын... Иә, Қазақстанның Еңбек ері, қазақ әдебиетінің классигі, жазушы-драматург Дулат Исабеков өмірден өтті. Қазақ халқына қатты қайғырып, көңіл айтамын, – деп жазды ол.
Бұған дейін жазушының денсаулығы сыр беріп, ауыр халде жатқаны туралы жазған болатынбыз.
Дулат Исабеков 1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс ауданы «Ленин жолы» ауылында туған.
1963 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1963-1968 жж. Қазақстан Республикасы Телевизия және радио хабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетте аға редактор, 1968-1970 жж. «Қазақ Совет энциклопедиясы» бас редакциясында аға ғылыми редактор, 1971-1976 жж. «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, 1976-1980 жж. «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі, 1980-1988 жж. ҚР Мәдениет министрлігі репертуарлық-редакциялық алқасының бас редакторы, 1988-1997 жж. Қазақ теледидарының бас редакторы, «Жазушы» баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1997 жылдан Мәдениеттану ғылыми институтының директоры болған.
Сонымен қатар республикалық мәдени-сараптамалық «Мәдениет» журналының бас редакторы болды, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның профессоры.
«Гауһар тас», «Дермене», «Перi мен Перiште», «Тiршiлiк», «Өкпек жолаушы», «Бiз соғысты көрген жоқпыз», «Қарғын» (роман, 1980) т.б. кітаптары шыққан.
«Шойынқұлақ», «Ақырамаштан наурызға дейiн», «Ескерткiш», «Социализм зәулiмi», «Конфронтация», «Талахан-186», «Бонапарттың үйленуi», «Ай-Петри ақиқаты», «Кемпiрлер», «Шалдар», «Тыныштық күзетшiсi» секілді шығармалары әр жылдары жарық көрдi.
Повестерi мен әңгiмелерi немiс, чех, венгр, болгар, қытай, түрiк, өзбек және ағылшын тiлдерiне аударылып, шетел оқырмандарына да кеңінен таңылды. Жазушының шығармалары бойынша «Гауһар тас» (1975), «Дермене» (1994), «Тауқымет» («Тiршiлiк» повесi бойынша, 1998), «Лотерея» («Ержеткенше» повесі бойынша, 2013), «Балуан Шолақ» («Жаужүрек» пьесасы бойынша, 2019) атты көркем фильмдер мен «Әпке» атты пьесасының негізінде телесериал түсірілген.
26-ға жуық пьесаның авторы. «Әпке», «Ертеңдi күту», «Мұрагерлер», «Кiшкентай ауыл», «Ескi үйдегi екi кездесу», «Тор», «Актриса», «Аққу-Жiбек», «Әншi құстар фестивалi», «Мұңлық-Зарлық» атты пьесалары республика сахналарынан ұзақ жылдар бойы түспей келе жатыр.
Санкт-Петербург, Омск, Лондон қалалары мен Болгария, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Башқұртстан сияқты алыс-жақын мемлекеттердің сахналарында жиі қойылып жүр. 2012 жылы жазушының 70 жасқа толған мерейтойына орай өткен «Исабеков әлемі» атты халықаралық театр фестиваліне алты отандық, алты шетел театры қатысты.
2016 жылы Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан 4 томдық шығармалар жинағы жарық көрді.
2017 жылдың 1-7 қазан аралығында Лондон қаласында жазушының 75 жылдық мерейтойына орай «Қазақ өнерінің фестивалі» деген атпен театр фестивалі ұйымдастырылды. Бұған М.Әуезов атындағы Академиялық драма театры, Республикалық мемлекеттік Корей музыкалық комедия («Жаужүрек», «Актриса») театры қатысты. Pajarito театры Д.Исабековтің «Аққу-Жібек» пьесасын ағылшын тілінде сахналады. Фестиваль аясында Д.Исабековтің ағылшын тіліндегі «Аққу-Жібек» (Song of the swans / Sekection of plays. Аударған – Катарина Жудельсон) пьесалар жинағы мен Short Stories: Dedicated to the 25th Anniversary of Kazakhstan Independence атты электронды нұсқадағы кітабының тұсаукесері өтті.
2018 жылы «Қарғын» романы француз тіліне, «Ержеткенше» повесі БҰҰ-ның 6 тіліне аударылып, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының қолдауымен жарық көрді.
Қазақстанның Еңбек ері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және Тәуелсіз Қазақ ПЕН-клубы мен платиналы «Тарлан» сыйлықтарының, «Достық», «Құрмет» орденiнің иегері. Қазақстанның Құрметті жазушысы.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.