Қарағандыда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мерекелеу басталды. Мерейтойлық күнге және Жұмысшы мамандықтары жылына орай Ақсақалдар кеңесі «Адал азамат» жобасын ұсынды.
Жеңімпаздар жеті номинация бойынша марапатталды. Лауреаттар – әртүрлі мамандық иелері, олар өздерінің күнделікті еңбегімен өңірдің және жалпы елдің дамуына елеулі үлес қосып жатыр.
– Біз баршаға маңызды күн – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын атап өтеміз. Қоғамдағы бірлік пен бейбітшілік біздің барлық жетістігіміздің басты кепілі болған және болып қала береді. Ассамблеяның барлық құрылымы еліміздің әлеуметтік және қоғамдық дамуына өздерінің баға жетпес үлесін қосып жатыр. Бірақ менің ойымша, Ақсақалдар кеңесінің ерекше орны бар. Ақсақалдар – біздің халқымыздың даналығы, ақылы, тәжірибесі ғой! – деп Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мерекенің сыйлы меймандарын құрметпен қарсы алды.
ҚХА төрағасының орынбасары, ҚР ПӘ ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов мерейтойлық жылда 400-ден астам ірі іс-шара жоспарланып отырғанын хабарлады.
– Бірлік пен еңбек – біздің қоғамымыздың гүлденуінің негізі. Бұл іс-шаралар адамдар арасында, оның ішінде еңбек адамының жанында болуға бағытталған. Еңбек адамдарын құрметтеуге арналған бүгінгі жоба – солардың бірі, – деп атап өтті ол.
Өз қызметінің үздіктерін қоғамдық комиссия таңдады.
Бас марапатқа еңбек ардагері, Бұқар жырау ауданының құрметті тұрғыны Несібелді Досанова ие болды. Ол 17 жасында сауыншы болып жұмысқа кірісіп, 40 жылдай еңбек етті. Көпбалалы отбасында үлкендердің бірі болып, бес баланы өзі өсірді. Бүгінде Несібелді апаның 11 немере мен 16 шөбересі бар. Ұзақ өмір сүрген ана көптеген марапаттарға ие болған. Ол екі «Еңбек Қызыл Ту» орденін ең құнды марапат деп санайды.
«Ерен еңбек иесі» номинациясын кенші, «Шахтер даңқы» иегері Нұрлан Сәтмағамбетов иеленді.
– Ұлы Отан соғысы кезінде менің әжем шахтада жұмыс істеп, көмір өндіріп, ерлердің еңбегін өз мойнына алды. Әскерден кейін училищеде оқып, «Стахановская» шахтасында жұмыс істей бастадым. Міне, 36 жылдан бері жер астында еңбек етіп келемін. Қазір Түсіп Күзембаев атындағы шахтада бригада басқарамын. Өз тәжірибемді жас жұмысшыларға үйретудемін, – деді лауреат. – Бүгін марапатталғаным қуантады. Мұны күтпеген едім. Біздің бригада көпұлтты: онда 37 адам және барлығы түрлі ұлт өкілдері.
«Ержүрек құтқарушы» номинациясында құтқарушы Мағарби Бұзырқаевты атап өтті. Қарағанды қаласының № 10 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары тұрғын үйлерге жақын орналасқан кәсіпорында газ цистернасының жарылысы кезінде өртті сөндіруге басшылық етті. Ошақтан 53 газ баллоны шығарылды. Жедел және кәсіби әрекеттердің арқасында адам өлімінің алдын алу мүмкін болды.
за
Марапатталғандар арасында білім беру, мәдениет, полиция қызметкерлері, Еріктілер лигасының жетекшісі бар.
Мысалы, теміртаулық педагог Вячеслав Варзин өз қаласында бірінші болып балаларға робот техникасын үйретіп, информатикадан авторлық бағдарлама мен физикадан ғылыми-әдістемелік кешен әзірледі. Республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздарын тәрбиеледі.
Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің 20 жастағы студенті, болашақ сәулетші Арина Бекпаева мектептен бері волонтерлікпен айналысады.
Рәсімге республиканың түкпір-түкпірінен ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағалары, сондай-ақ көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, атап айтқанда Сәт Тоқпақбаев, Жамбыл Артықбаев, Бүркітбай Аяған, Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин келді.
Салтанатты бөлімнен кейін Ақсақалдар кеңесінің республикалық отырысы өтті. Әңгіме жастарды тәрбиелеудің, отбасы институтын нығайтудың, дәстүрлі құндылықтардың маңыздылығы туралы болды. Қатысушылар сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі бастамасымен қолға алынған «Адал азамат» жобасын талқылады.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей бұл кездесудің маңызын атап өтті. Ол өңірде жүзден астам этнос бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқанын айтты.
Өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі, моральдық бағдарларды қалыптастырудағы және этносаралық келісімді нығайтудағы Ақсақалдар кеңесінің негізгі рөлін Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР ПӘ ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов атап өтті. Ол өңірдің белсенді ақсақалдарына Алғыс хаттар тапсырды.
ҚР МАМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин Ақсақалдар кеңесінің қызметін қолдау мен дамыту тетіктері туралы айтып берді.
Алаң иелері мен түрлі облыстардан келген қонақтар өз тәжірибелерімен бөлісті.
Мысалы, Павлодар облысының Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Василий Рак жастардың еңбек құндылықтарын қалыптастыруға тоқталды. Ол Ақсақалдар кеңесінің мүшелері оқушылармен кездесіп, оларға мамандық таңдауға көмектесіп, еңбек адамының беделін көтеруді ұсынды.
Отырыста ғалымдар: «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова, «Адал азамат» жобасын әзірлеушілер Жамбыл Артықбаев пен Бүркітбай Аяған сөз сөйледі.
Қатысушылар «Адал Азамат» жобасы аясында өскелең ұрпақты тәрбиелеу бойынша жұмысты күшейту қажеттігі туралы шешім қабылдады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.