Астанадағы №81 таза ағылшын тілінде оқытатын ақылы мектепте 8-сынып оқушысы қатарласына электрошокер қолданып, оны есінен тандырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Дереу медпунктке жеткізілген балаға мектеп дәрігерлері өздігінше алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысқан.
Оқиғаны көрген ата-аналардың айтуынша, бала есін шамамен екі сағаттан кейін ғана жинаған. Тек содан кейін ғана мектеп әкімшілігі жедел жәрдем шақырған. Қазіргі таңда зардап шеккен оқушы №2 көпбейінді ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандырып, қажетті ем-дом жасағанын хабарлады.
Ал бұзақылыққа барған оқушының ата-анасына хаттама толтырылып, тергеу басталды. Оқыс жағдайдан кейін жылына миллион теңгеден аса қаражат төлейтін ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне алаңдаулы. Олар мектепке кез келген оқушының суық қару немесе электрошокер алып кіре алатынын айтып, білім ордасына сканер орнатуды талап етіп отыр.
«Екі балам осы мектепте оқиды. Ай сайын қомақты ақша төлейміз. Бүгінгі оқиғадан кейін балаларымызды мектепке жіберуге қорқып қалдық. Кез келген оқушы электрошокер алып келіп, оны қолданса, не болмақ? Мектеп әкімшілігі неге оқушылардың сөмкесін тексермейді? Егер бәрін тексеруге мүмкіндік жоқ болса, сканер қойсын», – деді зардап шеккен оқушының анасы Әлия Дашкеева.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.