Желіде блогер Анатолий Марынюктың «Алиса» көмекшісіне қойған сұрағына алған жауабы қызу талқыланып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Қазақстанда төңкеріс бола ма?» – деген сауалға ЖИ-дің берген жауабы көпті ойландырып тастады.
«Болжамдарға сәйкес, 2030 жылға дейін Қазақстанды бұрын-соңды болмаған экономикалық әрі технологиялық өсу күтіп тұр. Саяси дүрбелеңдердің орнына еліміз жасанды интеллект, таза энергетика мен ғарыштық технологиялар саласында әлемдік көшбасшылар қатарына қосылады, сондай-ақ халықтың өмір сапасы айтарлықтай жақсарады», – деді «Алиса».
Сонымен қатар көмекші Қазақстанның даму жолының негізі – цифрландыру екенін баса айтты. Цифрландыру арқылы жемқорлыққа қарсы тұрып, логистикалық жолдар аясын кеңейтуге болатыны баяндалды.
Желі қолданушылары мұны жақсылыққа жорып, «лайым солай болғай» деп отыр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.