Петропавлда қалалық Полиция басқармасының бастығы дәмханадан шыққан мас тұрғынның өз-өзіне қол салуына жол бермеді, – деп хабарлайды Аikyn.kz
Polisia.kz дерегінше, 20 ақпанда сағат 07:00 шамасында қаланың көңіл көтеретін орындарының бірінде мас күйдегі екі тұрғын теріс қылық көрсетіп, тәртіпті бұза бастаған. Жақын маңда кезекшілікте жүрген полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін оқиға орнына келді. Шу шығарғандардың біреуіне самбо әдістерін қолданып, қолына кісен салуға тура келді. Екіншісі ашу үстінде өзінің тамағына пышақ тақап, өзін-өзі өлтіретінін айтып қорқыта бастаған.
Оқиға орнына дереу қосымша күштер жіберілді. Сондай-ақ қалалық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев та барып, келіссөздер жүргізе бастады. Кейін қала тұрғыны тынышталып, пышағын жерге тастап, полицейлердің талабымен қызметтік көлікке отырды.
Қазіргі уақытта ұсталған ер адамдардың екеуі де полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін 5 тәулікке қамауға алынып, әкімшілік жазаларын өтеп жатыр. Олардың қалған әрекеттеріне бөлек құқықтық баға берілмек.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз