Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі – ақшасы жоқ болса да қонақасын беру салтын қайта қарауды ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz
«Үйінде өлік жатқанда ресторанда мәз болып тамақ ішіп отырған адамдарды мен түсінбеймін. Қазақта «қонақасы» деген салт-дәстүр бар. Үйде қайтыс болған адам болатын болса, ол үйде тамақ пісіріліп, ешқашан от жанбайтын. Көрші-қолаң алыстан келген қонақтарды өздерінің үйіне таратып, алып кететін болған. Сөйтіп ертесінде қойылғаннан (жер қойнауына тапсырылғаннан кейін – авт.) кейін ғана тамақ беріледі, құран оқылып, келуге болатын болған», – делінген ол жариялаған видеода.
Депутат бұл жағдайдың марқұмның жақындарына қосымша ауыртпалық түсіретінін, қаржылық мүмкіндігі шектеулі отбасылардың қарызға батып, дастархан жаюға мәжбүр болатынын атап өтті.
«Өлік шыққан үй иесі өз қайғысын көтерудің орнына қонақ күтіп, дастархан жаюға мәжбүр болады. Қаржылық жағдайы мәз емес отбасылар қарызға батса да, дастархан жаюдан тартынбайды. Бұл шынымен қажет пе?» – дейді Дәулет Мұқаев.
Осы мәселені ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қарауына ұсынды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.