Ақтау қаласы әкімдігінде қаланың Бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасы қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Күн тәртібінде Қазақстан Үкіметінің 2012 жылғы 5 қыркүйектегі қаулысымен бекітілген негізгі ережелерді қайта қарау және қаланың қарқынды дамуына сай бейімдеу мәселелері көтерілді.
Қалалық мәслихат төрағасы Сембіғали Зәкенов бұрынғы бас жоспардың қазіргі шынайылыққа сәйкес келмейтінін атап өтті.
«Қазіргі Бас жоспар белгілі бір кезеңге негізделіп әзірленгенімен, қала динамикасын ескермеді. Мұнайлы ауданында халық саны 10-12 мыңнан 180 мыңға дейін өсті, ал 2050 жылға қарай Ақтау тұрғындарының саны 600 мыңға жетеді деген болжам бар», – деді ол.
Жобаны қабылдамас бұрын ол комиссия қарауына ұсынылды.
«Біз үшін маңыздысы – әр ықшамауданда балабақша, мектеп сияқты әлеуметтік нысандардың болуы. Сондай-ақ су, жылу, электрмен қамтамасыз ету мәселелерін шешу қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады», – деп қосты Зәкенов.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.