Адамдар неліктен өзінің аудиожазбадағы дауысын ұнатпайды? Адам ұйықтап жатқанда да барлық дауысты еститінін білдіңіз бе? Осы және басқа да таңғаларлық фактілер есту жүйесі жайлы тереңірек түсінуге және дыбыстарды қабылдау механизмі қалай жұмыс істейтінін ұғынуға көмектеседі, – деп хабарлайды Aikyn.kz lifehacker.ru сайтына сілтеме жасап.
1. Адамдар неліктен өзінің аудиожазбадағы дауысын ұнатпайды?
Біз сөйлеген кезде дауыс құлағымызға екі түрлі жолмен жетеді:
- Ауа арқылы. Дауыс желбезектерінің әсерінен пайда болған дыбыс толқындары алдымен құлақ қалқанына жетеді, кейін сыртқы есту жолымен өтіп, дабыл жарғағының тербелісін тудырады. Бұл тербелістер ортаңғы құлақтағы дыбыс сүйекшелері арқылы ішкі құлақтың иірілімді өзегіне беріледі. Біз қоршаған ортадағы барлық дыбысты дәл осы жолмен естиміз.
- Сүйек арқылы. Дауыс желбезектерінің тербелісі бас сүйегі арқылы тікелей ішкі құлаққа өтеді. Осылайша, сүйек тіні төменгі жиіліктерді күшейтіп, өз дауысымыз бізге қанық әрі терең болып естіледі.
Ал аудиожазбадағы дауысты тек бірінші жолмен естиміз. Сүйек арқылы өтетін тербелістер болмағандықтан, дауысымыз әдеттегіден жоғары естіледі. Осы айырмашылықтың себебінен өз дауысымызға деген жағымсыз реакция туындайды.
2. Абсолют есту қабілеті көбіне тоналды тілдерде сөйлейтін адамдарға тән
Абсолют есту – бұл адамның қандай да бір сыртқы бағдарсыз, яғни музыкалық аспап немесе эталон дыбыссыз, кез келген нотаның биіктігін дәл анықтау немесе оны қайталап орындау қабілеті. Ол әсіресе тоналды тілдерде, мысалы қытай немесе вьетнам тілінде сөйлейтіндерде жиі кездеседі.
Тоналды тілдерде сөздің мағынасы тек дыбыстық құрамына емес, айтылу ырғағына да байланысты. Мысалы, қытай тілінде «ма» буыны айтылу тонына қарай «ана», «жылқы», «кендір» немесе «ұрысу» деген мағыналарды білдіруі мүмкін. Мұндай тілдік құрылым бала кезден дыбыстың жоғарылығына аса сезімтал болуды талап етеді.
Калифорния университеті Бейжің консерваториясы мен АҚШ-тың Рочестер қаласындағы музыка мектебінің студенттерін салыстыра отырып, зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижесі 4-5 жасынан музыкамен айналыса бастаған қытайлықтардың 60%-ы абсолютті есту қабілетіне ие екенін, ал америкалық студенттер арасында бұл көрсеткіш небәрі 14% болғанын көрсетті.
3. Адам ұйықтап жатқанда да барлық дыбысты естиді
Ұйықтап жатсақ та, біздің есту жүйеміз толық жұмыс істейді. Бірақ бұл кезде ми сыртқы дыбыстардың көпшілігін сүзгіден өткізіп, демалуға кедергі келтірмейтіндей етіп өңдейді. Сондықтан фондық шуды елемеуге бейімделген, алайда қауіпті немесе маңызды сигналдарға бірден жауап береді.
Сол себепті біз желдің гуілін немесе желдеткіштің дыбысын елемейміз, бірақ атымызды сыбырлап айтқанда, оянып кетуіміз мүмкін. Сондай-ақ ми ұйқының жылдам фазасында сөздерге ерекше сезімтал болады, ал мағынасыз дыбыстарды көбіне елемейді.
Осы ерекше механизм адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді: құлағымыз кез келген дыбысты естиді, ал ми тек шынымен маңызды ақпаратқа ғана назар аударады.
4. Есту қабілетінің нашарлауы деменция қаупін арттырады
Есту қабілетінің нашарлауы мидың когнитивті қызметіне бірнеше жолмен әсер етеді:
- Мидың есту стимуляциясының төмендеуі. Есту қабілеті нашарлағанда, ми сыртқы әлемнен ақпаратты аз қабылдайды. Бұл дыбысты өңдеуге жауапты бөлімдердің қызметінің бәсеңдеуіне әкеліп, есте сақтау, назар аудару сияқты когнитивті функциялардың әлсіреу қаупін арттырады.
- Қоғамнан оқшаулану. Есту қабілетіне қатысты мәселелер адамдармен қарым-қатынасты қиындатады. Адамға басқалардың сөзін есту, олармен сөйлесу қиынға соғатын болса, ол басқалармен араласудан алшақтай бастайды. Ал араласатын әлеуметтік ортаның ауқымды болуы деменцияның алдын алуда маңызды рөл атқарады.
- Миға түсетін салмақтың көбеюі. Есту қабілеті нашарлаған кезде ми әрбір дыбысты ажырату үшін көбірек күш жұмсайды. Бұл шамадан тыс шаршауға және когнитивті ресурстардың азаюына әкелуі мүмкін.
5. Оң және сол құлақ дыбысты әртүрлі қабылдайды
Адамның есту жүйесінің құрылымы ерекше жаратылған: әр құлақ ақпаратты мидың қарама-қарсы жарты шарына жібереді. Яғни, оң құлақ қабылдаған дыбыстар мидың сол жақ жарты шарында, ал сол құлақ қабылдаған дыбыстар оң жақ жарты шарында өңделеді.
- Мидың сол жақ жарты шары сөйлеуді өңдеуге, яғни ол сөздерді, грамматиканы және сөйлем құрылымын талдауға жауап береді. Осылайша, оң құлақ арқылы естіген сөздер миға тезірек жетіп, анығырақ қабылданады. Сол себепті адамдар көпшілік ортада немесе әңгіме барысында еріксіз оң құлағын бұрып тыңдауға бейім.
- Мидың оң жақ жарты шары дыбыстардың эмоционалды реңкін, интонацияны және музыканы өңдеумен айналысады. Сол құлақ арқылы естілген дыбыстар осы жарты шарға беріледі, сондықтан ол музыкалық әуендер мен эмоциялық реңктерді қабылдауға сезімтал келеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.