Бүгінде елімізде несиесі жоқ, ипотека алмаған, қарызданбаған жандар саусақпен санарлықтай ғана. Тұтынушылардың құқығын қорғайтын ұйымдар да аз емес. Тіпті, несие бойынша заңсыз әрекеттерге арандап қалмаудың ақпараты айтылып та, талқыланып та жүр. Соған қарамастан өзіне-өзі ор қазып, өзгеге еселеп пайыз төлеп, алаяқтарға жем болып жатқаны қаншама?! Негізі "несие алушы не білуі керек, өзін-өзі қалай қорғай алуы тиіс?" деген сұрақтарға ЗКП Zangerler palatasi-ның заң консультанты Ақниет Ақылбекова жауап берді.
– Ақниет Әбдіразаққызы, қазір қаржылық ұйымдармен байланысып, несие рәсімдеп жатқан адамның қарасы көп. Десе де, несие алу барысында, оны өтей бастағанда түрлі қиындықтарға тап болып жатады. Осы тұрғыда несие алушылардың негізгі құқығы қандай?
– Иә, расымен де, несие алу – қаржылық жауапкершілікті талап ететін процесс. Қазақстан Республикасының заңнамасы тұтынушылардың қаржылық ұйымдармен қарым-қатынасын реттеп, олардың құқықтарын қорғайды. Несиелік қатынастар бойынша азаматтар мынадай құқықтарға ие:
Біріншіден, толық және шынайы ақпарат алу. Яғни, банк немесе несие ұйымы шарттың барлық талаптарын, жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемені (ЖТПМ), комиссиялар мен қосымша шығынды нақты әрі түсінікті түрде көрсетуге міндетті.
Екіншіден, шарт талаптарын өзгерту мүмкіндігі. Егер қарыз алушы қаржылық қиындыққа тап болса, банкпен қайта құрылымдау немесе төлемдерді кейінге шегеру туралы келіссөз жүргізе алады. Үшіншіден, қарызды мерзімінен бұрын өтей алады. Сөйтіп, артық пайыз төлемеуге құқылы. Төртіншіден, заңсыз әрекеттерден қорғана алады. Мысалы, алаяқтық жасалса, қысым көрсетсе немесе алданса, заңдық негізде қорғана алады.
– Қаржы ұйымдары немесе коллекторлық агенттіктер арасында заңсыз әрекеттерге барып жатады. Ел ішінде қайсысы кеңінен таралған?
– Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар жиі кездесіп жатады. Кейбір ұйымдар азаматтардың қаржылық сауаттылығының төмендігін пайдаланып, заңсыз әрекеттерге барады. Мәселен, жасырын комиссиялар мен қосымша төлемдер қосады. Кейбір ұйымдар несие шартына нақты енгізілмеген төлемдерді заңсыз түрде өндіріп алатыны тағы бар. Несие төлеушіні қорқытып, үркіте отырып, моральдық қысым көрсетеді. Оған қоса, кейбір ұйымдар үшінші тұлғаларға, яғни борышкердің туыстарына, жұмыс берушісіне оның қарызы туралы ақпарат таратып, жеке өміріне қол сұғады. Ал заң жүзінде мұндай әдіске баруға тыйым салынған. Кейде несие ұйымдары тұтынушыға шындыққа жанаспайтын мәлімет беріп, қарыздың сомасын негізсіз асырып көрсетіп, жалған ақпарат таратады.
– Азаматтар осындай заңсыз әрекеттерге алда-жалда тап болса, не істеуі тиіс?
– Ең алдымен несие шартын мұқият оқуы керек. Әр адам несие рәсімдемес бұрын барлық талаптармен толық танысып, түсініксіз жағдайлар бойынша заңгерден немесе қаржылық кеңесшіден кеңес алған жөн. Егер заңсыз әрекеттер орын алса, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне, Ұлттық банкке немесе прокуратураға арыздануға болады. Тиісті органдар азаматтардың шағымдарын қарап, заңбұзушылықтарды анықтауға жауапты. Ал егер коллекторлардың заңсыз әрекеттері тіркелсе, ҚР Қаржы нарығын реттеу агенттігіне немесе құқық қорғау органдарына шағымдану қажет. Тұтынушының құқықтары өрескел бұзылған болса, сотқа жүгінуге әбден құқылы.
– Шыны керек, жұрттың көпшілігі өзге түгілі өзінің құқығын біле бермейді. Күйбең тіршілікке батқан халық оны ежіктеп, кімге шағым айтып, қайда барарын да білмейтіндер жоқ емес, оларға қалай көмектесуге болады?
– Әрбір азамат несие рәсімдеу кезінде өз құқығын біліп, заңсыз әрекеттерге жол бермеуі керек. Қаржылық сауаттылық – тұтынушылардың басты қорғанысы. Егер заңсыздық болса, заң аясында күресіп, тиісті органдарға шағымдана алады. Әрине, кейде несие алушы құқықтық мәселелермен бетпе-бет келіп, дау-дамайды өз бетінше шеше алмауы да мүмкін. Ондай кезде азаматтарға арналған тегін заңды кеңестерді пайдаланған жөн. Тегін кеңестер азаматтарға заң нормаларын, құқықтық процедураларды түсінуге және дұрыс қолдануға көмектеседі. Оның үстіне, тез арада дұрыс кеңес ала отырып, мәселенің ушықпауын алдын алуға болады. Мысалы, Қазақстан Республикасында азаматтарға заң саласындағы мәселелер бойынша тегін көмек көрсету жүйесі іске қосылды. ҚР Әділет министрлігінің ұйымдастыруымен енді қарапайым халық заңгерлерден кеңес алып, өз құқығын қорғауына, қандай бағыт-бағдарда жұмыс істеу керегіне мүмкіндік алды. Сонымен қатар кәсіби адвокаттар палатасы мен құқықтық ұйымдардың өкілдері де азаматтарға алғашқы консультациялар мен бағыт-бағдар беруде қолдау көрсетеді.
– Сіздерге несие бойынша ғана ма, әлде кез келген мәселемен жүгінуге бола ма?
– Біз тұрғын үй, отбасылық, банктік, жер даулары, сондай-ақ басқа да құқықтық мәселелерді қарастырамыз. Мысалы, жақында Астана тұрғыны жалға алған пәтерінен заңсыз шығарып, далада қалып қала жаздады. Екеуара келісімшарт та бар. Соған қарамастан пәтер иесі жалдау шартын мерзімінен бұрын біржақты бұзуға шешім қабылдап, азаматты дереу көшіп кетуге мәжбүрлеген. Алайда жалға алушы мен меншік иесі арасында бекітілген шартта мұндай жағдай қарастырылмаған. Нәтижесінде, пәтер иесінің шартты бұзуға негізі болмағаны анықталды. Сөйтіп, жалға берушіге заңға сәйкес негізсіз әрекеттерді тоқтату туралы ресми ескерту жолдап, пәтерді жалға алу келісімшартының бұзылуы ҚР заңнамасына қайшы екені көрсетілді. Нәтижесінде, жалға берушімен кездесіп, тараптардың өзара тиімді шешімге келді. Енді жалға беруші шарттың талаптарын қайта қарап, азаматтың пәтерден шығуына заңсыз қысым жасамауға келісті. Осылайша, әлгі азамат үйден шығарылмай қалды.
– Сіздердің көмегіңізге жүгінетін адамға заңгер ретінде қандай кеңес берер едіңіз?
– Әрбір білікті заңгер қолға алар ісін толыққанды білуі шарт. Бірақ көп адам жағдайдың егжей-тегжейлі айтып, ағынан жарыла бермейді. Ең алдымен ашықтық керек. Бұл заңгерге жағдайды толық түсінуге мүмкіндік береді. Тегін кеңес болғандықтан, жалпы ақпараттық сипатта өтеді. Сондықтан заңгермен кездесуде туындаған мәселе бойынша қысылмай, сұрақты еркін қойып, түсініксіз тұстарын нақтылаңыз. Заңның күрделі аспектілерін түсіндіруді сұраудан тартынбаған жөн.