Халықаралық робототехника байқауында қазақстандық оқушылар үлкен жетістіктерге қол жеткізді.
Қазақстандық оқушылар АҚШ-та робототехникадан өтетін жарысқа жолдама алды
237
оқылды

Алматы қаласында 1-11 (12)-сынып оқушылары арасында «First Robotics Almaty Tech Cup 2025 – Central Asia FIRST Championship» халықаралық робототехника жарысы өтті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жарысқа Әзербайжан, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан, Үндістан, Түрікменстан, Өзбекстан, БАӘ, Сауд Арабиясы сияқты елдерден және Қазақстанның барлық аймақтарында өткен кездесулерде топ жарып алға шыққан ең мықты командалар қатысты. Қатысушылар саны 3000-нан асқан. 

«Су ресурстары мен суасты әлемін зерттеудің жаһандық мәселесі» тақырыбына арналған жарысқа Қарағанды облысының «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатынан 4 команда қатысқан.

FIRST LEGO League Challenge санаты бойынша «M2T» командасы Autonomous genius award номинациясына ие болса, Rasslexx командасы бас жүлдені ұтып, АҚШ-тың Техас штаты Хьюстон қаласында өтетін әлемдік кезеңге жолдама алды. 

«FIRST Tech Challenge» санатындағы  FTC роботтарының  жарыстары өте тартысты өтті.  «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының «Jeltoqsun» командасы екі бірдей «Inspire award»  және «Winning alliance partner award» номинацияларымен қоса Бас жүлдені жеңіп алып АҚШ-тың Техас штаты Хьюстон қаласында өтетін әлемдік кезеңге жолдама алған.

Сонымен қатар жоғары нәтиже көрсеткені үшін аталған мектептің командасы Recognition award номинациясымен марапатталып, екі оқушы Огай Руслан мен Анирова Алина КБТУ университетіне төрт жылдық грант иеленді. Ал Jeltoqsun командасының капитаны Ермеков Акбар АҚШ жоғары оқу орнына берілетін оқу грантына дүниежүзі бойынша іріктелген 20 үміткердің қатарынан табылды. 

Оқушыларымыз 3000-нан аса оқушы қатысқан халықаралық додада керемет жетістіктерімен мектебіміздің ғана емес, сонымен қатар облысымыздың да абыройын асқақтатты. Оқушыларымызға тәлім-тәрбие берген жетекшілері Қазығұлов Бердібек пен Шәкәрім Жанәділге, қолдау көрсеткен ата-аналарымыз бен облысымыздың білім басқармасына алғысымызды білдіреміз, - дейді мектеп әкімшілігі.