Көкшетауда туберкулез диспансерінде көз жұмған әйелге қатысты тың деректер белгілі болды.
Жүкті әйелдің өлімі: Көкшетаудағы оқиғаға қатысты тың деректер шықты
Фото: istockphoto
455
оқылды

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы жүкті әйелдің өлімі фактісін растап, тың мәліметтер берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, әйел Астана қаласының емханасында тіркелген. Өткен жылдың шілдесінде ауырғанымен, медициналық көмекке жүгінбей, өз бетінше емделген. Степногор қаласындағы Viamedis ЖШС емханасына өткен жылдың желтоқсанында тіркеліп, 13 апта 5 күн жүктілік мерзімінде есепке алынған. 

– Осы жылдың қаңтарында жедел жәрдеммен «Степногор көпбейінді қалалық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне ауруханадан тыс оң жақ төменгі бөлік пневмониясы» диагнозымен түскен. Жүктілігі 15 апта болған. 15 қаңтарда өкпе туберкулезінің бактериялар бөлінуі  анықталып, облыс орталығына фтизипульмонологияға жатқызуға жолдама берілді. Бастапқыда ауруханаға жатудан үзілді-кесілді бас тартқан әйелге ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 17 қаңтар күні Ақмола облысының фтизиопульмонология орталығына жатқызылып ем қабылдады, – дейді Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен. 

Басқарма дерегінше, 20 ақпан күні әйел туыстарының сұрауымен үйіне қолхатпен босатылған. Алайда 21 ақпан күні дем алысы қиындап, аяғында ауырсынулар болғандықтан, жұбайымен облыстық фтизиопульмонология орталығына қайта жатқызылған. 

Әйелде жүрек тамыр қызметінің жеткіліксіздігі болып, облыстық фтизиопульмонология медициналық қызметкерлерімен шұғыл көмек толық көлемде жасалған. Барлық жақындарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз, – деді Ақмола облыстық  Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.