Қытайда жемқорлықпен күресте медитацияға зор мән беріледі.
Әлемнің 122 елінде жемқорлық көрсеткіші артқан
Фото: istockphoto
987
оқылды

Әлемнің 180 еліндегі сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалайтын арнайы индекс бар. Оны Transparency International халықаралық ұйымы әзірлейді. Аталған ұйымның мәліметінше, бүгінде дүниежүзі бойынша 122 мемлекетте парақорлық белең алған. Ал әлемде 58 мемлекет қана бұл қылмыспен белсенді түрде күреседі, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz-ке сілтеме жасап.

Сингапурда пара алғанға жаза қатаң

Парасыз қоғам қалыптастырған табысты ел – Сингапур. Бұл елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі ең маңызды тетігі – мамандандырылған агенттік. Бұл тергеу бюросы Сингапурда 1952 жылдан бері бар. Ол үкіметтен бөлек жұмыс істейді. Сондай-ақ кез келген адамға, жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу жүргізе алады. Елде жемқорлыққа қарсы заң да қатал. Пара алған адамға 1 мың Сингапур доллары, біздің ақшамен 375 мың теңге айыппұл салынуы мүмкін. Ал пара берген адам 5-7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Пара жымқырған мемлекеттік қызметкер болса, 10 жылға дейін түрмеге қамалады. Ірі көлемдегі ақша үшін жаза мерзімі ұзаруы мүмкін.   

Қытайда парақорлықпен күресте медитацияға зор мән беріледі

Кей елдерде жемқорлықпен күрес заңнамалық шаралармен шектелмейді. Рухани-мәдени құндылықтар негізге алынып, қағидат ретінде қолданысқа енгізіледі. Мысалы, Қытайда мемлекеттік мекемелерде парақорлыққа қарсы медитация, тыныс гимнастикасы, шығыс жекпе-жектеріне негізделген арнайы жаттығулар өткізіледі. Халық арасында бұл әдіс «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тай-цзи» аталып кеткен. Шенеуніктер тренинг барысында өздерінен «Маған 15 мың доллар пара берсе, алар ма едім? Ал егер 1,5 миллион ұсынса ше? Бұл әрекетім үшін жазаға тартылуға әзірмін бе? Маған өлім жазасы тағайындалса ше?» деген сауалдарға жауап береді.   

Италия сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру үшін арнайы бағдарлама қабылдаған

Сыбайлас жемқорлыққа күдікті лауазымды адамдар Италияда Integrity check көмегімен тексеріледі. Мысалы, өткен ғасырдың 90-жылдары ел билігі «Таза қол» бағдарламасын енгізді. Нәтижесінде 20 мыңнан астам адам тергеуге ілініп, 500 саясаткер түрмеге қамалды. Сөйтіп, бұл Италия тарихындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ең ірі операция деп танылды. Осы шарадан кейін елде жемқорлыққа қарсы қатаң заңдар қабылданды. Қазір пара беру және алу Италияда ауыр қылмыс саналады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.