Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе отырып, іздеуде болған Ақтау қаласы әкімінің экс-орынбасары Тимур Сәдуақасовты Қазақстанға экстрадициялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
ҚМА мәліметінше, Сәдуақасов аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны және лауазымды тұлғаларды пара беруге итермелегені үшін күдікке ілінген.
– 2023 жылғы шілде айында Т.Х. Сәдуақасов пен адвокат С.Н. Құрманбаев өздерінің қызметтік байланыстарын пайдаланып, В.И. Долгалевтің іскерлік серіктестеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу бастау мәселесін шешуді ұсынған.
Аталған мәселені шешу үшін Т.Х. Сәдуақасов пен С.Н. Құрманбаевқа заңсыз сыйақы ретінде 225 млн теңге беру жөнінде келісім жасалған.
Алайда, күдіктілер параның алғашқы бөлігі – 90 млн теңгені алғаннан кейін бұл қаражатты өз пайдасына жаратқан және өз міндеттемелерін орындамаған.
Кейін Т.Х. Садвақасов қылмыстық жауапкершілікке тартылудан қауіптеніп, соттан жасырынған, – делінген ҚМА таратқан ресми ақпаратта.
Еске сала кетейік, ол мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін Өзбекстан Республикасының шекара қызметі тарапынан ұсталған болатын. Оған қатысты шекараны заңсыз кесіп өткені үшін қылмыстық іс қозғалған.
2025 жылы 25 ақпанда Түркістан облысындағы «Қапланбек» шекара бақылау-өткізу пунктінде ол Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлеріне тапсырылып, кейін Шымкент қаласындағы тергеу изоляторына қамалды.
Жақын арада ол Павлодар қаласындағы тергеу изоляторына жеткізіледі. Іс Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қаралады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.