Абай облысы, Семей қаласында болған жасөспірімдер арасындағы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. 11 жастағы оқушыны аямай соққыға жыққан жеткіншектердің арнаулы мектепке жіберілетіні белгілі болды. Бұл шешімді кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясы қабылдады, дегенмен түпкілікті шешімді сот шығарады.
Оқиға қалай болды?
22 ақпанда Семей қаласында бір топ оқушы өз қатарласына қатыгездік көрсетіп, соққыға жыққан. Жай ғана соққыға жыққан жоқ, 11 жастағы Әлинұрды қорлап, неше түрлі әрекеттерді бұйыра отырып істеткен. Тіпті мұны тәптіштеп айтудың да, жазудың да өзі қорқынышты. Бастапқыда барлық қатысушы №9 мектептің оқушылары делінгенімен, тергеу барысында олардың үш түрлі мектептен жиналғаны анықталды. Қатысушылардың арасында «Жас Ұлан» арнаулы ерлер мектеп-лицейінің оқушысы мен колледж студенті де болған. Жергілікті билік бұл оқиғаға ата-аналардың жауапкершілігін де қарастырып, екі жасөспірімнің отбасынан ата-ана құқығын шектеу туралы шешім қабылдады.
Ал Абай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ернар Базаров:
- Барлық материал сотқа берілді. Онда соңғы шешім қабылданады. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі сот жасөспірімдердің мамандандырылған мекемеде болу мерзімін анықтап, ата-ана құқығынан айыру туралы түпкілікті қаулы шығарады, – дейді.
Халық отбасына 24 миллион теңге жинады
Абай облысында көпшіліктің қолдауымен жиналған қаражатқа баспана сатып алу мәселесі ашық өтеді. Қатыгездікке ұшыраған баланың отбасына көмек көрсету мақсатында бүтін ел болып қаражат жиналды.
(Сурет заңгер Ғабит Өмірбековтің парақшасынан алынды)
Абай облысындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Эльзира Жүнісованың айтуынша, қазірдің өзінде 24 миллион теңге жиналып, оны жәбірленушінің отбасына баспана сатып алуға жұмсау жоспарланып отыр. Бұл қаражаттың ашық әрі әділ жұмсалуын қамтамасыз ету үшін арнаулы комиссия құрылады.
«Отбасыға көмек көрсету жұмыстары ашықтық пен әділдік қағидаларына негізделеді. Қоғамның зор қолдауын ескере отырып, тұрғын үйді таңдау және сатып алу процесі барынша жариялы түрде өтетін болады», - деп мәлімдеді Эльзира Әуезханқызы.
Сонымен қатар ол отбасының барша қазақстандықтарға білдірген шынайы алғысын жеткізді.
Ұстаз: Бірнеше жылдан бері созылып келе жатқан «салт» болуы мүмкін
Қоғамда бұған қатысты әртүрлі әңгіме айтылып жатыр. Бірі мектеп басшылығын кінәласа, екінші тарап ата-ананың жауапсыздығын айыптайды. Оған қоса жалпы мектептегі жүйенің дұрыс емес екенін сынап жатқан жандар да бар.
Мәселен, бұл туралы ҚР Білім саласының Құрметті қызметкері, «Ыбырай Алтынсарин» белгісінің иегері Дариға Мұштанова оқиғаның тек жекелеген жасөспірімдердің тәртіпсіздігі емес, жалпы мектеп жүйесіндегі кемшіліктердің көрінісі екенін атап өтті.
Оның пікірінше, мәселені шешу үшін барлық білім беру мекемесінің тәрбие жүйесін қайта қарау қажет. Егер осындай зорлық-зомбылық оқиғалары түбегейлі зерттелмесе, болашақта қайталануы әбден мүмкін.
- Мұншама қатыгездік бір күнде пайда бола қалған жоқ қой. Әр мектептің өз мінезі, салты, жолы болады. Меніңше, тек осы балалардың тәртіпсіздігін қарап, оларды жазалап, аластап, тәртіптік түзету мекемесіне жіберіп, ата-аналарын ата-ана құқығынан айыру деген мәселемен шектелуге болмайды. Мектепті түгел қарау керек. Ол мектептің жалпы ұстаздық құрамының сапасын, қандай адамдар жұмыс істеп жатыр, тәрбиемен кім айналысып жатыр, қандай контингент, қандай жерде тұрады деген сұрақтар төңірегінде кешенді тексеру жүруі қажет. Содан кейін оны өзгертуге, қадағалауға үлкен жоспар жасалуы керек деп ойлаймын. Меніңше, бұл – бетімен кеткен мектеп. Бірнеше жылдан бері созылып келе жатқан «салт» болуы мүмкін. Мұны басында-ақ түбірінен қиып тастамаса, жалғаса береді. Қараудың өзі қорқынышты... Ертең бұлар өсіп шыққанда, қандай адам болады деп алаңдаймын.
Ал мына Әлинұрдың «прокурор боламын» деп айтуында үлкен мән бар. Ол мұны тектен-тек айтып отырған жоқ. Қылмыскерлерді жазалауға, әділдікті қорғауға үлес қоссам деп, үлкендердің істемей отырған жұмысын істесем деген шешімге келіп отырған баланың мөлдір арманы ғой. Мысалы, өз тәжірбиемнен айтар болсам, ата-ананың қамқорлығынсыз өскен балалар есейген соң өзінің арманындағы жағдайды өзі толтырғысы келетінін көремін. Мықты әке, қамқор ана болады. Мейірімді аңсап өткен бала соны өз баласына мейлінше беруге тырысады. Мына балада да сол әділдікті аңсап, «неге мына мектепте әділдік жоқ?!», «неге заңмен жүрмейміз?!» деген өксіктен осындай арманы туып тұр. Демек ол мектепте қорқынышты бір дүниелер жүріп жатыр. Егер мән-жайды дұрыс зерттесе, мектептен талай бұзақылық фактісі анықталуы мүмкін деп ойлаймын. Жалпы бір күнде бала мұндай болып қалмайды. Әскердегі әлімжеттік қайдан шығып жатыр? Міне, бұл да сол сияқты нәрсе. Ал мәселенің бетін қалқып өтіп, «мынадай шаралар өтті», «осылай істедік» деп қоя салсақ, оның асты саси береді. Баланың қолына боқ ұстатқызып, қолына жақтыру дегеннің өзі – жан тәрбиесінің былғаныш болып жатқанының көрінісі. Масқара жағдай, қорқынышты жағдай, – дейді елге белгілі ұстаз, педагог Дариға Ғазезқызы.
Психолог: Сырттан «құрбан» іздеп, эмоциясын шығарады
Ал психолог Жаннұр Дәуренбекованың айтуынша, жасөспірімдердің қатыгездік көрсетуінің түпкі себебі отбасындағы қарым-қатынас пен психологиялық жарақаттармен байланысты. Бала үйдегі зорлық-зомбылықты немесе ата-анасының эмоционалдық суықтығын көріп өскен жағдайда, оны сыртқы ортада қайталауға бейім болады.
Сондай-ақ психоанализ бағытындағы психолог, Психоанализ ассоциациясының мүшесі Жаннұр Дәуренбекова мектеп психологтарының қағазбастылықтан арылып, оқушылармен жүйелі жұмыс істеуі қажеттігіне назар аударды.
- Жасөспірімдер арасындағы қорлау – бұрыннан бері ата, әкелеріміздің кезінен келе жатқан жатқан жағымсыз дәстүр. Қазір ізденемін, жағымсыз сценарийге тоқтау қоямын деген адамға мүмкіндік көп. Психология дамыған кезең ғой. Балалар неге қорлық көрсетеді? Неге қатыгездік жасайды? Жалпы әр балада әр түрлі психологиялық травма болуы мүмкін. Сондықтан жәбір көрсеткен балалардың анасымен сөйлеспей, нақты психологиялық диагноз айту қиын. Мысалы, кішкентай сәби отбасындағы әкесінен, анасынан, бауырларынан көргенін қайталайтыны бәрімізге белгілі. Дәл солай, балалар да ата-анасының жанжалын көріп немесе сезіп жүреді. Ата-анасы балаларға жекіп ұрысуы, тоқпақтап ұруы баланың агрессиясын тудырып, оның эмоциясын өршітеді. Бала ата-анасының алдында дәрменсіз болғандықтан, шамасы келетін сырттан «құрбан» таңдап, эмоциясын сол балаға шығарады. Кейде әкесінің болмауы да балаға ықпал етуі мүмкін. «Тастап кетті», «қалдырып кетті» деген ашу-ызасын шамасы келетін баладан алып, соны қорлайды. Сонымен қатар кейде аналардың жиі жасайтын қателігі болады. Баласының әкесін кемсітуі, жаман бейнесін көрсетуі үлкен кері әсерін тигізіп жатады. Себебі бала сол жағымсыз әкенің ұрығы болғандықтан, өзінде кінәлі сезім пайда болады. Ең ауыр сезімдердің бірі – өзіңді кінәлі сезіну. Қазір көп ата-аналар күнкөрістің қамы деп, балалармен эмоционал тұрғыда байланыс құра алмайды. Мысалы, ата-ананы шәйнек, баланы кесе деп алайықшы. Кесені жуғаннан не пайда? Егер шәйнектің іші кір болса…
Сол секілді бала – әр ата-ананың жобасы. Сол жобаның фундаментін нығайтып, дамуына жауапкершілікпен, ізденіспен қарау керек деп ойлаймын. Жалпы баланы өмірге әкелерде, саналы түрде жоспарлау қажет. Әр бала – қоғам үшін маңызды тұлға. Әр бала қоғам үшін қауіпті болмауы керек. Бізде мектеп психологтарының жұмысы көбіне қағазбен шектеледі. Ол дұрыс емес. Адам жанын зерттейтін маман болған соң, мектептегі әр баламен жеке жұмыс жасап, ол баланың жанына батқан тікен қандай екенін анықтауы керек. Шындығында, балаға батқан сол тікенді алып тастау – мектеп психологының тікелей міндеті. Ата-ананың балаға айтар психологиялық сауаты болмаса, мектептегі психологиялық сауаты бар психолог көмектесуі керек. Ол үшін мектеп психологтары болсын, балабақша психологы болсын, үнемі әрі үздіксіз ізденісте болуы қажет. Ал қорлық көрген баланың психикасын ойласам, жүрегім ауырады. Әлинұрға ұзақмерзімді психологиялық көмек қажет. Психотерапия керек. Оның ата-анасы да «неге менің ұлым осындай қорлыққа тап болды?» деп ойланғаны дұрыс болар, – дейді психолог Жаннұр Уалиханқызы.
(Сурет Almaty.tv-дан алынды)
Учаскелік полицейлердің жауапкершілігі
Сонымен сарапшылардың сөзінше, мұндай жағдайға мектеп басшылығы да, ата-ана да жауапты көрінеді. Бірақ белгілі заңгер Ғабит Өмірбеков мектепке жауапты учаскелік полицейлердің де жауапсыз екенін алға тартады. Айтуынша, олар осы жағдай болған кезде бірден профилактикалық әңгімелесу жүргізуі қажет еді.
(Сурет заңгер Ғабит Өмірбековтің парақшасынан алынды)
Айта кеткеніміз жөн, күні кеше Семей қаласына іскерлік сапармен барған заңгер Ғабит Өмірбеков Әлинұрдің заңды өкілі болғанын айтып, үйіне арнайы барып, жағдайдың толық өз бақылауына алғанын айтты. Себебі ол қылмыстық іс бойынша арыз-шағым жазып, өтініш хат жіберген. Ендеше алдағы уақытта мәселенің ақ-қарасы нақты анықталып, сот әділ шешім шығарады деп сенеміз.