Жұмысшы мамандықтар жылы аясында іске қосылған "Наурыз Жұмыскер" жаңа ипотекалық бағдарламасына өтініш қабылдау 17 наурызда басталады. Бұл туралы Отбасы банк АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ал "Наурыз" ипотекалық бағдарламасына өтініштерді қабылдау 5 наурызда басталады.
– 17 наурыздан бастап "Наурыз Жұмыскер" бағдарламасы іске қосылады, ол "Наурыз" бағдарламасының бір бөлігі. Бұл бағдарлама бойынша барлық жұмысшы мамандар өтінім бере алады. Өтініш берушілер жұмыс орнынан анықтама ұсынуы керек. Банк қызметкерлері ұйымның реквизиттерін және БИН нөмірін, өтініш берушінің мамандығын тексереді, – деп нақтылады Ләззат Ибрагимова.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Осыған орай Қазақстанда жұмысшылар үшін "Наурыз жұмыскер" атты жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылмақ.
Жаңа ипотекалық бағдарламаның шарттары мынадай:
- Мөлшерлеме – әлеуметтік осал адамдар үшін 7 % (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 9.6%-ға дейін) және қалған санаттар үшін 9% (ЖТСМ 13% дейін).
- Бастапқы жарна: алғашқы пәтерді таза әрлеумен толық сатып алғанда 10%-дан, ал егер толық салынбаған және екінші нарықтағы үйлерде 20%-дан.
- Қарыздың ең жоғары сомасы Астана мен Алматы қалаларында – 36 млн теңге болса, өзге өңірлерде – 30 млн теңге.
Қатысушыларға қойылатын негізгі талап: саладағы кәсіпорында жұмыс істейтін қызметкер болуы керек. Мәселен, өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, су ресурстары.