Қайырымдылықпен айналысып, көпшілікке "маска киген адам" ретінде танылған жігіт такси жүргізіп, үш баласын асырап отырған жалғызбасты анаға үй сыйлады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жалғызбасты ана Айжарқын такси болып жұмыс істегенде балаларын өзімен бірге алып жүрген. Сөйтіп жүргенде жол апатына ұшырап, үлкен қызы қатты жарақат алып, ауруханаға түскенін айтады.
– Жалға алған көлікпен такси болып, ақша тауып жүрген жерімнен жол апатына түстім. Соққы болған сәтте терезеден ұшып кеттім. Арамызда үлкен қызым қатты зардап шекті. Қолы, аяғы сынып, басы жарылды, – дейді Айжарқын.
Әйел балаларын неліктен өзімен бірге алып жүргенін де айтып берді.
– 2024 жылдың сәуір айында көршім мас күйде үлкен қызымды зорлай жаздады. Содан кейін қыздарымды біреуге қалдырудан қорқамын. Арманым – өзімнің азық-түлік сататын дүкенімді ашу, – деді әйел.
Бетперде киген жігіт жалғызбасты анаға үйден бөлек дүкен ашуға және балаларының ем алуына да қаражат берген. Осылайша "маска киген адам" тағы бір отбасыға қуаныш сыйлады.