Бригада дәрігерлері балаға отыз минут шамасында реанимация шарасын жүргізген.
"Жүрегі тоқтап қалған": Ақтөбеде 6 жасар оқушы оқыс жағдайда көз жұмды
Фото: istockphoto
904
оқылды

Ақтөбеде иттен қорыққан алты жасар баланың жүрегі жарылып өлді. Таң атпай сабаққа шыққан оқушыға бұралқы ит арс ете түскен. Содан шошынған балақай тіл тартпай кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Тұрғындар мектеп маңында бұралқы иттер топтасып көп жүреді дейді. Ветеринарлар бұрынғыдай, қаңғыбастарды атып, не улап тастай алмайды екен. 

Қаланың қақ ортасындағы көпқабатты бұл үйдің тұрғындары қорқып қалған. Таң атпай сабағына асыққан алты жасар баланың алдынан арсылдап бұралқы ит аулада атып шығады. Таламаса да, иттен зәресі ұшқан бірінші сынып оқушының жүрегі жарылып, сол жерде тілге келместен жүріп кетеді. Дәрігерлер оны аман алып қалу қолымыздан келмеді дейді. 

– Барған кезде клиникалық өлім болған. Бірақ біздің бригада дәрігерлері барлық реанимация шарасын отыз минут шамасында жүргізді, – деп нақтылады Ақтөбе облысы Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Әлия Шарбақова.

Қаралы отбасы барлық бәленің бұралқы иттен келгеніне сенімді. Ит баланы мектепке апаруға шыққан үлкендерден де жасқанбаған. Әкесі мұны растап отыр.

Тәртіп сақшылары бала өліміне қатысты тексеруді бастады. Оқушының қазасына не себеп болғанын сараптама шыққан соң айта аламыз дейді. 

– Ақтөбе қаласы Марьесев көшесінде үй ауласында кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды. Оқиға орнына келген жедел тергеу тобы мәйітте зорлық, өлтіру белгілері жоқ екенін анықтады. Баланың қайтыс болу себебін анықтау үшін сараптама тағайындалды, – деді Ақтөбе облысы ПД Тергеу басқармасының бастығы Бауыржан Асауов.

Қазір Ақтөбеде иесіз иттер қаптап кеткен. Айналдырған екі ай ішінде ветеринарлар 4 мыңнан аса бұралқы итті аулапты. Бірақ оны өлтіріп тастай алмайды. Ауланған иттерді тек ветеринария бекетінің жанындағы шағын торға қамайды, жеке кәсіпкерге тиесілі панажайға береді. Ұзақ ұстауға мүмкіндігі жоқ.