Ірі банктің қызметкері қателесіп, клиенттің есепшотына 280 доллардың орнына 81 трлн аударып жіберген. Оқиға қалай аяқталғаны туралы төмендегі мақаладан оқыңыз.
Банк қызметкері қателесіп, шетелдік клиенттің шотына 81 триллион доллар аударып жіберген
Citigroup CEO-сы Джейн Фрейзер Президент Тоқаевпен кездесуде, Нью-Йорк, 2023 жылғы 17 қыркүйек. Фото Ақорда ресми сайтынан алынды. Авторлығы: Президенттің Баспасөз қызметі
26,069
оқылды

Financial Times мақаласына сүйенген Aikyn.kz «апатты» қаржылық операцияның себебі мен салдарын түсіндіреді.

Citi банкінен ешқандай қаражат сыртқа шықпаған, банк бұл оқиғаны АҚШ-тың Федералдық резервіне және Ақша айналымын бақылау басқармасына хабарлаған. Скриншот newsweek.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Reddit & OlyaSolodenko

Адам сенгісіз оқиға АҚШ-тың Citigroup банкінде болған. Банк клиентке небәрі 280 доллар аударуы қажет болған, бірақ банк жүйесіндегі қателік салдарынан шотқа 81 триллион доллар түскен. Бұл жағдай қаржы институтының бұрыннан жалғасып келетін операциялық проблемаларының шешілгенін реттеушілерге дәлелдеуге кедергі келтіруі мүмкін.

«Апатты» ішкі аударым 2023 жылдың сәуірінде болған, бірақ бұл туралы бұрын хабарланбаған. Қате бастапқыда төлемдер бөлімінің қызметкері мен транзакцияны тексеруге жауапты екінші қызметкердің назарынан тыс қалған. Келесі күні төлем өңдеуге жіберілген. Тек үшінші қызметкер банктегі шоттардағы теңгерімдерді тексеру кезінде қателік көрген соң ғана, аударылып кеткен сома 90 минуттан кейін тоқтатылады. Бірнеше сағаттан кейін бұл төлем толығымен жойылады. Бұл туралы Financial Times және жағдаймен таныс екі дереккөз хабарлаған.

Басқа ақпарат көздерінің айтуынша, Citi банкінен ешқандай қаражат сыртқа шықпаған, ал банк бұл оқиғаны АҚШ-тың Федералдық резервіне және Ақша айналымын бақылау басқармасына «орын алуы мүмкін оқиға» ретінде хабарлаған. Citigroup банкінің ресми мәлімдемесінде былай делінген:

«Біздің бақылау жүйелеріміз Citi-дің екі бухгалтерлік есепшоты арасындағы енгізу қатесін дереу анықтап, транзакцияны болдырмады. Біздің механизмдер қаражаттың банктен шығып кетуіне жол бермес еді. Бұл жағдай банкке немесе клиентке ешқандай әсер етпегенімен, біз операциялық процестерді автоматтандыру және қолмен енгізуді азайту бойынша тұрақты жұмыс істеп жатқанымызды көрсетеді».

1 миллиард доллардан асатын қате аударымдар АҚШ банктік жүйесінде өте сирек кездеседі. Иллюстрация apps.microsoft.com сайтынан алынды

Citigroup-тің қауіпсіздік жүйесіндегі осалдықтар

Financial Times танысқан банктің ішкі есебіне сәйкес, өткен жылы Citigroup банкінде 1 миллиард доллардан асатын он шақты қате төлем жасалған. Бұл көрсеткіш 2023 жылы болған 13 қате операциядан сәл төмен болғанымен, банктің іскерлік беделіне нұқсан келтіруде.

Айта кетерлік жайт, осындай «жаңсақтықтар» америкалық реттеуші органдарға хабарланбайды. Сондықтан банктік секторда мұндай жағдайлардың жиілігі туралы нақты ашық дерек жоқ. Сарапшылардың пікірінше, 1 миллиард доллардан асатын осындай оқиғалар АҚШ банктік жүйесінде өте сирек кездеседі.

Соңғы жағдай Citigroup-те ұзақ уақыт бойы шешілмей келе жатқан операциялық кемшіліктердің әлі де жойылмағанын көрсетеді. Банкте бұған дейін де үлкен қателіктер болған. 

2020 жылы Citigroup Revlon косметикалық компаниясының кредиторларына 900 миллион долларды қателесіп аударған болатын. Бұл қателік банкке үлкен айыппұлдар мен реттеушілер тарапынан бақылаудың қатаңдауына әкелді. Соның салдарынан CEO Майкл Корбат отставкаға кетті, банкке ірі айыппұлдар салынды.

Бразилиядағы клиенттің эскроу-шотына 280 доллар аударудың орнына Citigroup қызметкері қателесіп, 81 трлн доллар аударған. Фото thetimes.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Bloomberg / Michael Nagle

81 трлн долларлық қателік қалай болды?

Сәуір айында болған 81 трлн долларлық «қателік» төлемді енгізу кезінде пайда болған бағдарламалық жасақтама интерфейсінің кемшіліктері мен адам факторының үйлесуімен түсіндіріледі.

Наурыз айының ортасында Бразилиядағы клиенттің эскроу-шотына 280 доллар аудару жоспарланған болатын. Алайда, төлем санкциялық бақылау экранына түсіп, уақытша тоқтатылады. Бұдан кейін Citigroup-тің технологиялық бөлімі қызметкерлерге төлемді қолмен енгізуге тапсырма береді. Бірақ сирек қолданылатын резервтік интерфейсте төлем сомасының ұяшықтары 15 нөлмен алдын ала толтырылатындықтан, қызметкер нөлдерді өшіруді ұмытып, нәтижесінде шотқа 81 трлн доллар аударылып кетеді.

Үшінші қызметкер аударымдағы қателікті көріп, төлем толығымен жойылған. Фото corporatefinanceinstitute.com сайтынан алынды

Қателіктің банкке қандай әсері болуы мүмкін?

Осы оқиға Citigroup банкіне үлкен салдары болуы мүмкін, себебі банк соңғы бес жылда тәуекелдерді басқару саласындағы ақаулардың жойылғанын реттеуші органдарға дәлелдей алмай келеді. Банк тәуекелдерді басқару процестері бойынша реттеуші органдардың заңды сұрақтарына жауап беріп, оларды тыныштандыруға күш салуда.

2021 жылы Джейн Фрейзер CEO қызметіне кіріскенде банктегі реттеу мәселелерін шешуді басты міндет етіп қойды. Бірақ 2023 жылы Citigroup АҚШ-тың Ақша айналымын бақылау басқармасы (OCC) мен Федералдық резерв тарапынан 136 миллион доллар айыппұл төлеуге мәжбүр болды.

Citigroup-тің осындай қателері Уолл-Стриттегі ең ірі банктің бірі үшін қауіпті жағдайлар тудыруда, бұл банк жүйесінің тұрақтылығы мен сенімділігіне кері әсер етуі мүмкін.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.