– 2025 жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасы азаматтығы туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке Қазақстан Республикасының бұрынғы 66 азаматы тартылды. Басым көпшілігі Ресей Федерациясының (64) азаматтығын қабылдағандар. Сондай-ақ Германия (1) және Қырғызстан (1) азаматтығын алған екі тұлға бар. Оның 35-і айыппұл төлесе, 31 адам елден шығарылды, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ ведомство былтыр қос азаматтығы бар 700-ге жуық адам анықталғанын мәлімдеді.
– 2024 жылы Қазақстан Республикасы азаматтығы туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке Қазақстан Республикасының бұрынғы 675 азаматы тартылды. Басым көпшілігі Ресей Федерациясының (565), Түркия (26), Германия (11) және АҚШ (22) азаматтығын қабылдағандар. Оның 526-сы айыппұл төлесе, 149 адам елден тыс шығарылды, – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
Былтыр Қазақстан азаматтығын алушылар саны 25 пайыз азайғаны белгілі болды.
– 2025 жылдың қаңтар айында 1 513 адам Қазақстан азаматтығынан бас тартты, оның басым көпшілігі Ресей Федерациясы (1 165), АҚШ (51), Түркия (41), Канада (27) және Ұлыбритания (26) елдеріне қоныс аударған, – деп мәлімдеді ведомстводан.
Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі былтыр ел азаматтығынан бас тартқан адамдардың 85 пайызы Ресейге көшкенін мәлімдеді.
– 2024 жылы 19 888 адам Қазақстан азаматтығынан бас тартты, оның басым көпшілігі Ресей Федерациясы (16 941), Түркия (725), АҚШ (462), Канада (260) және Ұлыбритания (168) елдеріне қоныс аударған, – деп жазылған хабарламада.
Одан бөлек, 2024 жылы 1 адам Қазақстан Респубикасы азаматтығынан шығарылған. Заңнамаға сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығы екі жағдайда тоқтатылады: өз еркімен шыққанда және азаматтықтан айырғанда.
Мейір ЖАСЫН