Aikyn.kz уақытты қандай жағдайда артқа жүргізуге болатынын Scientific Reports ғылыми журналында жарияланған зерттеуге сүйеніп талдайды.
Теориялық тұрғыдан алғанда, уақыт кері бағытта ағуы мүмкін, бірақ біз оны байқамаймыз. Фото YouTube платформасының PhysFromPobed каналынан алынды
Біз уақыттың өткеннен болашаққа қарай түзу сызық бойымен ағатынына үйреніп кеткенбіз. Біз оянамыз, кофе ішеміз, телефонды парақтаймыз және күнді жалғастырамыз. Бірақ егер уақыт мүлдем басқаша жұмыс істесе ше? Егер уақыттың сызықты құрылымы тек иллюзия болса ше?
Британдық Суррей университетінің үш ғалымы жүргізген зерттеу физика үшін уақыттың қай бағытта қозғалатыны маңызды емес екенін көрсетеді. Маятниктің тербелісін, ғаламшар орбитасының қозғалысын сипаттайтын теңдеулер уақыттың екі бағытта бірдей жұмыс істейтінін дәлдейді. Яғни, теориялық тұрғыдан алғанда, уақыт кері бағытта ағуы мүмкін, бірақ біз оны байқамаймыз. Міне, британдық ғалымдардың ашқан таңғаларлық жаңалығының мәні осында.
Физикада уақыттың неге тек алға жүретінін түсіндіру қашан да қиын болды. Ньютон механикасының заңдары объектілердің қозғалысын сипаттайды, бірақ олар өткен мен болашақ арасында ешқандай айырмашылық жасамайды. Кванттық механиканың негізі – Шредингер теңдеуі де уақыттың нақты бағытын көрсетпейді.
Оған мынадай қарапайым мысал келтіруге болады. Егер біз қандай да бір ғаламшардың Күнді айналуын түсіріп, видеоны кері айналдырсақ, физика заңдары бұл процесте өзгеріссіз сақталады. Бірақ сындырып алған вазаның қайта қалпына келуін немесе төгілген кофенің шыны-аяққа кері құйылғанын неге көрмейміз? Бұл сұраққа жауап беретін теориялардың бірі – Марков динамикасы.
Біздің ғаламда біз өткенді есте сақтап, болашаққа қарай жылжысақ, екінші ғаламда уақыт кері бағытта жүруі мүмкін. Фото dzen.ru сайтынан алынды
Марков динамикасы – әрбір қадам оның алдындағы қадамға тәуелді болатын процестерді сипаттайтын теория. Бұл домино әсеріне ұқсас. Заттар белгілі бір бағытта қозғала бастаса, олар сол бағытта жалғаса береді. Мысалы, Үлкен жарылыс (Big Bang) ұдайы кеңейіп отыратын ғалам жасады, бұл қозғалыс әлі де жалғасуда. Бұл процестің үздіксіздігі уақытқа «біржақты бағыт» береді. Ал егер физика уақыттың сызықты болуын талап етпесе, ол нені талап етеді?
Кейбір ғалымдар тіпті Үлкен жарылыс екі параллель ғаламды тудырған деген идеяны алға тартады. Біздің ғаламда біз өткенді есімізде сақтаймыз және болашаққа қарай жылжимыз. Екінші басқа ғаламда уақыт кері бағытта жүруі мүмкін, бірақ ол жақтағы тіршілік иелері үшін уақыттың ағымы өздеріне қалыпты болып көрінеді. Олар үшін біздің әлем кері қозғалады. Шындықты қайдан іздейміз?
Әрине, уақытты кері айналдыру – әзірге тек теориялық тұжырым. Физика заңдары бұны мүмкін дейді, ал ғалымдар уақытта саяхаттау құпиясын ашуға жақындадық деп есептейді. Бірақ, егер бір күні ғылым уақыттың сызықты бір бағытты жүруінен құтылудың жолын тапса ше? Кофе ешқашан төгілмейтін, сағаттар кері жүретін әлемді елестету қызықты емес пе?
Мынадай күрделі тақырыптан кейін тоқтап қалған уақыт туралы әзіл мына видеода:
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.