Олар 2018-2022 жылдар аралығында ұйымдасқан топ құрып, Ақтөбе облысындағы МӨЗ-да ЕАЭО аумағында көлемі 50,6 мың тонна болатын сатуға тыйым салынған «К-2» экологиялық класты дизель отынын өндірген.
«Болашақ сәулетшілері» қорының негізін қалаған Марат Әбиев пен оның сыбайластары сотталды
Фото:instagram.com/abimarat
1,184
оқылды

2025 жылы 14 ақпанда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен «Болашақ сәулетшілері» қорының негізін қалаушы Марат Әбиев пен оның сыбайластары сотталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі мәлімдеді,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сот шешімімен айыпталушылардың мүлкі тәркіленіп, олардың контрабандалық жолмен тапқан 6 млрд теңгеден астам қылмыстық табысы тәркіленді.

Марат Әбиев ҚР Қылмыстық кодексінің 262-бабы 1-тармағы ("Ұйымдасқан топты құру және басқару, сондай-ақ оған қатысу"), 197-бабы 4-тармағының 1-тармақшасы ("Мұнай мен мұнай өнімдерін заңсыз сатып алу, сату, сақтау және тасымалдау, сондай-ақ олардың заңдылығын растайтын құжаттарсыз өңдеу"), 234-бабы 3-тармағының 2-тармақшасы ("Экономикалық контрабанда") бойынша 9 жылға бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ мемлекеттік қызметте өмір бойына лауазым атқаруға тыйым салынып, қоғамдық бірлестіктерді құруға және басшылыққа алуға байланысты қызметпен 5 жыл мерзімге айналысу құқығынан айырумен тағайындалды.  Оның сыбайластары 8 жылға бас бостандығынан айырылды, делінген ақпаратта.

Бұған дейін агенттік Марат Әбиев пен оның сыбайластары  Антон Новицкий, Жанібек Дарибаев, Евгений Гребнев, Аманай Махметовке қатысты алдын ала тергеу аяқталғанын хабарлаған болатын.

2018-2022 жылдар аралығында аталған тұлғалар ұйымдасқан топ құрып, Ақтөбе облысындағы МӨЗ-да ЕАЭО аумағында көлемі 50,6 мың тонна болатын сатуға тыйым салынған «К-2» экологиялық класты дизель отынын өндірген. 

Кейін бұл дизель отыны басқа мұнай өнімі ретінде 11,3 млрд теңгеге сатылды, соның ішінде 22,6 мың тоннасы 6,7 миллиард теңгеге шетелге контрабандалық жолмен шығарылды, делінген агенттік таратқан ресми ақпаратта.

Айта кетейік, мұнай өнімдерінің заңсыз айналымынан түскен қылмыстық табыс арқылы Genesis (немесе «Болашақ сәулетшілері») атты заңсыз қоғамдық бірлестіктің қызметі қаржыландырылған, оны құрып басқарғаны үшін 2023 жылдың 21 тамызында Марат Әбиев 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.