Нақты айтқанда, жасанды интеллекттің көмегімен ым тілін қазақшалап жатыр.
– Қазір ғылыми-зерттеу арқылы ым тілінде сөйлейтін жандардың сөзін мәтінге түсіре алатын нәтижеге қол жеткіздік. Ол жерде қолдың қимылын, ерін формасын танимыз, сонымен қатар электронды ақпараттарды ым тіліне бейімдеп жатырмыз. Қазақ тілінде 40 мың сөз қоры бар болса, ым тілінің қоры – 2500-3000 сөз. Әлемде бекітілген 120 ым тілі бар, бірақ қазақ әліпбиіне сәйкес ым тілі жоқ. Дегенмен оған қынжылмаймыз, ана тілге бейімдеп жатырмыз, – дейді ғалым Нұрзада Амангелді.
Ғалымның сөзінше, қазақ ым тілінің стандарты жоқ, сол үшін ол қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілінің мың сөзін алып, ұқсастығын салыстырып шыққан.
– Әрине, сәйкес келмейтін сөздер бар: мысалы, ақсақал, бәйбіше деген сөздер өзге тілде қолданылмайды, сол сөздер қазақы ым тіліне бейімделді. Осылайша, ым тілін қазақшалауға болады деген тұжырыммен ғылыми мақала жариялап, зерттеуімді осы мақаланың негізінде одан әрі жалғастырып келемін, – дейді ол.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ