Эстонияға жұмыс сапары аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Гүлмира Қанай және Қазақстанның Эстония Республикасындағы елшісі Алтай Көлгінов Таллин университетінің басшылығымен кездесу өткізді.
Таллин университетінің ректоры Тыну Виикпен және Педагогикалық ғылымдар мектебінің деканы Тея Оунмен өткен кездесуде педагогикалық кадрларды даярлау мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, білім беру бағдарламаларын әзірлеу, бірлескен ғылыми жобаларды дамыту, ұзақмерзімді өзара тиімді әріптестік, сондай-ақ студенттер мен оқытушылар алмасу перспективалары қарастырылды.
Келіссөздердің негізгі нәтижелерінің бірі – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Таллин университеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы. Бұл құжат бірлескен бастамаларды іске асыру мен практикалық жұмыстың жаңа кезеңін бастауға негіз қалайды.
Бұл құжат мектепке дейінгі және бастауыш білім беруді дамытуға арналған Академиялық шеберлік орталығын құру жобасының бастау алуына негіз болды. Орталық QYZPU базасында жұмыс істеп, Орталық Азия өңірінің оқытушыларын тартуға арналған маңызды алаңға айналуы мүмкін.
Айта кетейік, Эстония халықаралық PISA рейтингінде жоғары орындарға ие (2022 жылғы тестілеу нәтижелері бойынша Эстония бірінші орынды иеленді), бұл оның білім беру жүйесінің тиімділігін көрсетеді. Балабақша жүйесі – Эстонияның білім беру жүйесінің маңызды бөлігі (жекеменшік балабақшалар өте аз), ал оқу аяқталғаннан кейін балаларға мектепке дайындық картасы беріледі, олар оны келесі білім беру кезеңіне өздерімен бірге алып жүреді.
Кездесу барысында қол жеткізілген келісімдер Қазақстан мен Эстония арасындағы білім беру саласындағы серіктестік пен достық байланыстарды нығайтуға деген өзара сенім мен ұмтылысты растайды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.