Түркістан облысы Арыс ауданына қарасты Аққала ауылының төңірегіндегі көлдердің суы тартыла бастаған. Бірнеше жыл дабыл қаққан ауыл тұрғындарының жанайқайына атқамінерлер былтыр құлақ асқанмен, биыл жағдай бәз баяғы қалпына қайта түсіпті.
Қазір Сыр бойында орналасқан шағын ауылдың іргесіндегі көлдер тартылып, таяздана бастаған. Осының салдарынан жазда жалбыз арасында балықтар мен шабақтар қырылуда. Мұнымен қоса, көлдердің суын диқаншылық мақсатқа пайдаланып жатыр. Тұрғындар бұл тұйықталған көл сулары болғандықтан, оны диқаншылыққа қолдану заңсыз деп санайды. Ауыл малдары сол көлдерден су ішеді. Сондықтан бұл жағдай малдың өрісін де тарылтып, төрт түлікті суы тарылған көлдің батпағына батырып жатыр.
– Бұл жағдайды 2018 жылдың наурыз айында аудан әкіміне жеткізген болатынмын. Аудан әкімшілігінде аудан, ауыл әкімдерінің қатысуымен жиналыс өтті. Сол жылы бұл жағдай тоқтаған еді. Биыл бәз баяғы қалпына түсті. Көлдің тартылуы ауылымыз үшін экологиялық апат болып отыр. Жерасты құдық сулары да тартылып, дәмі өзгеріп, ішуге жарамсыз болып барады. Жаз мезгілінде саз балшықтың сасық иісіне тұншығудамыз. Туған жеріміздің табиғатына келтірілген зауалға тосқауыл қойылса дейміз. «Үйрек, қаз қалқып ұшпаса, Дария-шалқар көл жетім. Ел жағалай қонбаса, Бетегелі бел жетім» деген атадан қалған сөз бар. Жусаны аңқыған жер мен кемері толған көлді сақтап қалу азаматтық парызым деп білемін, – дейді ауыл тұрғыны Қайрат Оралбай.
Осы мәселе бойынша Байырқұм, Жиделі ауылдық округі әкімшілігіне хабарластық. Алайда олардан нақты жауап болмаған соң, аудан әкімімен тікелей тілдесуге тура келді. Арыс қаласының әкімі Мұрат Болатұлы бұл жағдайдан бейхабар болып шықты әрі көл суын пайдалануға Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы рұқсат беретінін айтты.
– Суармалы жерлерді көбейту керек. Судың деңгейі түспесе, қоршаған ортаға зияны келмесе, оны шаруаларға пайдалануға беруге болады. Ол үшін арнайы рұқсат алуы қажет. Сіз айтып тұрған жақта 7-8 көл бар. Қайсы көлді пайдаланып жатқанын білу үшін, барып көру керек, – деді әкім.
Мәселені соңына дейін жеткізу үшін әрі жағдайдың анық-қанығын білу мақсатында енді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясымен байланысқа шықтық. Аталған мекеме басшысының орынбасары Күлән Қожамқұлова көл суын пайдалануға өздерінен ешкімнің рұқсат алмағанын жеткізді. «Негізі ол жерлерді бөліп, пайдалануға беретін аудан әкімдігі. Ал біздің тарапымыздан ешкім рұқсат алған жоқ. Егер жер өзінікі болса әрі суармалы жерге жататын болса, рұқсат берер едік. Оның суармалы жерге жататын, жатпайтынын анықтап, дәлелдеу керек. Сонымен бірге ол каналға немесе су қоймаға бекітілген болуы қажет», – дейді Күлән Қожамқұлова. Оның айтуынша, бүгінде облыста 127 өзен болса, оның жартысында су жоқ.
Жалпы, елімізде көлге жақын орналасқан ауыл тұрғындары жылда көктемде арыз-шағым айта бастайды. Өйткені табиғатқа келтірген кері әсерді айтпағанда, көл суын тұрмыстық жағдайға пайдаланатын ауылдар да бар. Эколог Гүлнұр Әмірова қазіргі кезде бұл өзекті мәселенің бірі болып отырғанын жеткізді.
– Су болмаса, экологиялық тепе-теңдік бұзылады. Көлдің сәні – су. Көлдегі су тартылса, әрине жағдай қиын. Көктемнің басында су келмейді. Содан кейін былтырдан қалған су тартыла бастайды. Осыдан соң сасық иіс пайда болады. Ал ары қарай да су келмей қойса, көлге өте жақын орналасқан ауыл тұрғындарына қиын. Зардабын солар тартады, – дейді эколог маман.
Қалай десек те, табиғатқа, адамзатқа жанашырлық таныта алмай отырғанымыз – өкінішті жағдай. Оның байлығын әркім рұқсатсыз пайдалана берсе не болады? Ал оған жауапты мекемелер «Оны анықтау керек, барып көруіміз керек» деп, бір-біріне сілтеп, жайбарақат отыра бергеннен жағдай оңала ма? Мәселе осында...
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ