Ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналатын бұл бастама «AMANAT» партиясының «Кітап-AMANAT» жобасы аясында жүзеге асып жатыр.
«Бірге кітап оқиық!»: Оқырманға Қаныш Сәтбаев жайлы кітапты оқуды ұсынды
satbayev.university
517
оқылды

Қазіргі таңда Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамыту, әсіресе жастар арасында әдебиетті насихаттау өзекті мәселенің бірі болып отыр. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «жаппай кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек» деген идеясын қолдау мақсатында «Бірге кітап оқиық» жобасы өз жұмысын бастаған еді. Ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналатын бұл бастама «AMANAT» партиясының «Кітап-AMANAT» жобасы аясында жүзеге асып жатыр. Қазірдің өзінде жастардың кітапқа деген қызығушылығын оятып келе жатқан жоба қазақ әдебиетінің озық шығармаларын дәріптеуде үлкен рөл атқарып келеді.

Жоба аясында осыған дейін Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы мен Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі кеңінен талқыланып, көптің арасында қолдау тапты. Бұл шығармалар – қазақ руханиятының алтын қазынасы, ұлттың әдеби мұрасының ажырамас бөлшегі. Соның ішінде Әзілхан Нұршайықовтың шығармасы жастарды адамгершілікке, сүйіспеншілікке, өмірдің мағынасын терең түсінуге шақырса, Бауыржан Момышұлының еңбегі ұлттық салт-дәстүр мен қазақы болмыстың құндылықтарын тереңінен танытады.

Міне, осы игі бастаманы жалғастыру міндеті белгілі жазушы, қоғам қайраткері, Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Құлкеновке жүктелді. Ол жоба жүргізушісіне «Бірге кітап оқиық!» жобасының кезекті шығармасы ретінде Қалмұқан Исабайдың «Қаныш аға осындай еді» кітабын оқуды ұсынды. Бұл таңдау кездейсоқ емес. Себебі академик Қаныш Сәтбаев – қазақ ғылымының жарқын тұлғасы. Оның өмірі мен ұлтқа сіңірген еңбегі – кейінгі ұрпаққа үлгі. Қалмұқан Исабайдың бұл еңбегі ғалымының қасында 20 жыл жүрген адамның естелігі негізінде жазылған. Мұнда Қ. Сәтбаевтың болмысын, күрескерлігін, ғалым ретіндегі ұлы мұратын тереңінен ашады.

Сонымен қатар Мереке Құлкенов жобаның эстафетасын көрнекті жазушы Төлен Әбдік пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке табыстады. Бастаманың бұдан әрі де жалғасын тауып, қазақ әдебиетінің жауһар туындылары көпшілікке кеңінен насихатталуына мүмкіндік беретіні анық.

Жалпы «Бірге кітап оқиық!» жобасы – тек кітап оқу ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастарды рухани дамыту жолындағы маңызды бастама. Ал сол жоба арқылы ұлттың саналы, білімді, рухани бай болашағын қалыптастыруға ықпал ету – барша зиялы қауымның, әрбір саналы қазақтың міндеті.