Мереке қарсаңында QYZPU профессорлары құрметке бөленіп, мемлекеттік наградалар алды.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессорлары «Құрмет» орденімен марапатталды
1,236
оқылды

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессорлары Айнагүл Ершина мен Дина Әбдіқадірова бар, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Айнагүл Қапасқызы Ершина – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор. Жарты ғасырға жуық ғылыми-педагогикалық қызметінде жылуфизика, гидроаэромеханика салалары бойынша зерттеулер жүргізіп, жел турбиналарының аэродинамикалық сипаттамаларын жетілдіруге елеулі үлес қосты. 150-ден астам ғылыми мақаланың, бірнеше оқулық пен өнертабысқа патенттің авторы. Ғылыми еңбектері Scopus базасында индекстелген.

Профессор ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері. Сондай-ақ, Қ.И. Сәтбаев атындағы І сыйлықтың, «Қазақстан ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің, «Ұлағат» күміс медалінің иегері. 2024 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Дина Рахимовна Әбдіқадірова – педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, 50 жылдан астам еңбек өтілі бар тәжірибелі маман. Ол дене шынықтыру және спорт саласында 50-ден астам ғылыми мақала мен әдістемелік құралдар әзірледі. Ұзақ жылдар QyzPU Дене шынықтыру және спорт кафедрасын басқарып, Азия, Әлем және Олимпиада чемпиондарын тәрбиеледі.

Ғылым мен білімге сіңірген еңбегі үшін «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен, «Құрмет белгісі» медалімен марапатталған. 2002 жылы Халықаралық ғылыми-педагогикалық білім академиясының корреспондент-мүшесі, ал 2009 жылдан QyzPU академиялық профессоры.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.