Халықты әлеуметтік қолдау бағыты – аймақ дамуының деңгейіне әсер ететін көрсеткіштердің бірі.
Әлеуметтік санаттағы азаматтарды қолдау мәселесі талқыланды
301
оқылды

Бүгін «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы «Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау» мәселелері жөніндегі аймақтық кеңестің отырысы өтті. 

Жиында партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуы, соның ішінде «Әлеуметтік санаттағы азаматтарды қолдау» бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысы кеңінен талқыланды. 

Бүгінде өңірде 34 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген. 2024 жылға мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың жеке бағдарламасын орындауға республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 6,8 млрд теңге бөлініп, жыл қорытындысымен көрсеткіштер толық орындалған. 2025 жылға бөлінген қаржы көлемі 8,3 млрд теңге. Кеңес отырысында Сайлауалды бағдарламаның осы бағыттағы негізгі көрсеткіштерінің орындалуы бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Даулетбаева кеңінен ақпарат берді.  

«Халықты әлеуметтік қолдау бағыты – аймақ дамуының деңгейіне әсер ететін көрсеткіштердің бірі. Осы орайда «AMANAT» партиясы облыстық филиалы, жергілікті әкімдіктің қолдауымен мұқтаж жандардың өмірлік қажеттіліктерін және әл-ауқатын жақсартуға барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Мәселен, өткен жылы 374 объектіге толық бейімдеу жүргізіліп, республикалық Қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілді. Биыл 360 объектіге бейімдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды. 2024 жылы 2 мыңға жуық адам инватакси қызметімен қамтылды. Облыс әкімінің ұсынысымен 2024 жылы «Халық банк» акционерлік қоғамы тарапынан банктің жүз жылдығына арналған «100 игі іс» науқаны аясында Қызылорда және Байқоңыр қалаларына мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауға әрқайсысының құны 23,0 млн теңге тұратын арнайы 2  инватакси көлігі сыйға тартылды. «Үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тарапынан 2024 жылы 229,3 млн теңгеге жетек арба, көп функционалды әмбебап арба, вертикализатор сынды 83 дана оңалту құралдары жеткізілді», - деді  Жанар  Даулетбаева.

Өткен жылы Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік мәселелерге айрықша тоқталып, берілетін көмектің қаржысы тиімді жұмсалуын, оны шын мұқтаждарға бағытталуын тапсырды. Бұл бағытта өңірде қала, аудан әкімдіктері жанынан мониторингтік топтар құрылып, көмек алушылардың санын 30 пайызға төмендету жоспарланған. Өткен жылы жоспар 31,5 пайызға орындалып, 1,5 млрд теңге қаржы үнемделген. Нәтижесінде 33 759 адамға 3,1 млрд.теңге, олардың бір жастан алты жастағы 10 330 баласына 413,3 млн.теңге қосымша төлем төленген. 

«2024 жылы бюджеттен тыс көздерден халықтың әлжуаз топтарынан шыққан отбасының 23 042 мүшесіне және су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге қайырымдылық көмек ретінде 317,3 млн теңгеге әлеуметтік қолдау көрсетілді. Тұрғын үй көмегімен аз қамтылған отбасыларына коммуналдық қызмет шығындарын өтеу бойынша 1 871 отбасына немесе 6 198 мүшесіне 113,0 млн теңге төленді. Жекелеген санаттағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін 13 646 адамға жергілікті атқарушы органдардың шешімдері бойынша 1 109,5 млн теңгеге әлеуметтік төлемдер төленді», - деді Жанар Даулетбаева.

Жиында сөз алған партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов халықты әлеуметтік қорғау жүйесі халықпен етене жұмыс атқаратын сала екендігін атап өтіп, кеңес мүшелерін аймақ тұрғындарының, оның ішінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға тиісті көмектердің уақытылы жүйелі түрде көрсетілуіне жұмылып жұмыс істеу қажет екенін айтты. 

Кеңес қорытындысы бойынша жұмысты жетілдіруге қатысты айтылған ұсыныстар хаттамаланып, тиісті органдарға жолданатын болды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.