Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласындағы Киров көшесінде көпбалалы жесір әйелдің үй іші іс жүзінде «мұз сарайына» айналды.
Ақмола облысы Бұланды ауданында көпбалалы әйелдің үйі мұзға айналды
Фото: istockphoto
633
оқылды

Әлеуметтік желілер арқылы тарап кеткен видеода үй иесі баспанасына көшеден су кеткенін, үйдің іші малмандай суға толып, одан кейін қатып, жалтыр мұзға айналғанын айтады,  деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Жесір әйелдің айтуынша, осы уақытқа дейін жергілікті атқарушы органдар тарапынан   ешқандай көмек бола қоймаған. 

Бүгін айдың 13-і   үйімізге қайта келдік. Мұнда көк мұз. Мынаны сорғызып аламын дейді. Мынаны қалай сорып алады деп отыр. Жылудың кісілері келді. Бұны қалай сорғызып алмақ? Осында отырғанда жауап беретін әкімшілік, құқық қорғау органдарының кісілері неғып жүр? Мені қыстың қысымшылығында далаға тастаған әкімшілік жауап береді,  дейді видео таратқан әйел. 

Жергілікті аудан әкімдігі әлеуметтік желілерде тараған видеоға қатысты ресми жауап берді. Әкімдіктің мәліметінше, көпбалалы Зәкей Сұңқардың үйі орналасқан көшеден жерасты полиэтиленді су құбыры өтеді. Су сол құбырдың жарылуынан келуі мүмкін. 

Киров көшесіндегі Зәкей Сұңқардың үйінің астынан жерасты құбыры өтеді. Сол жерден жарылып, үйге су кетуі ықтимал. Аталған мекенжай бойынша «Макинск жылу» коммуналдық кәсіпорнының сумен қамту шебері бірнеше рет  судың қай жерден кеткенін анықтау мақсатында мониторинг жүргізді. Болжамды су аққан жерге ауыр техника жеткізіліп, қары мен мұзын тазартты. Нақты жарылған жерді анықтау үшін топырақ қазылып алынды. Жарылған жер анықталған соң дереу оны түзету жұмыстары жүргізіледі. Бүгін тағы шолу жасалып, су келіп жатпағаны анықталды. Судың неге көп мөлшерде келіп жатқаны әзірге анықталмады. Қазіргі уақытта отбасы туыстарының үйінде тұрып жатыр. Әкімдікпен уақытша тұрғын үй ұсыну туралы мәселе қаралуда,  деді Бұланды ауданы әкімдігінен. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.