Quartz сайтының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz адамзат өмірін мүлдем өзгертетін 3 технологияның бірі кванттық есептеулердегі серпілістің мәнін түсіндіреді.
Арвинд Кришна: «Біз табиғаттың қалай жұмыс істейтінін түсінген бойда, мүлдем жаңа білім көздеріне ие боламыз, өйткені бұл мәліметтер қазіргі ғылымда жоқ». Фото waya.media сайтынан алынды
Жасанды интеллект, кванттық компьютер және термоядролық энергия. Бұл үш технологияларды жетілдірумен қазір әлемдік алпауыт компаниялар да, геосаяси салмағы зор мемлекеттер де жарыса айналысуда. IBM компаниясы да кванттық есептеулердің теориялық емес, практикалық қолдану мүмкіндіктерін қолданумен айналысуда. Бұл туралы компанияның бас директоры Арвинд Кришна мәлімдеген.
IBM мәліметтеріне қарағанда, кванттық есептеулер фармацевтикадан бастап қор нарығының болашағын болжауға дейінгі көптеген салаларда серпіліс жасауға қабілетті және бұл жаңалықтар жақын арада іске асуы мүмкін.
Жасанды интеллект пен кванттық есептеулердің арасында тығыз байланыс бар. Ал үшінші термоядролық синтез мол энергия қажет ететін ЖИ жүйелеріне шексіз электр қуатын бере алады.
Бүгінгі техно-индустрияда жасанды интеллект ең көп талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Алайда қолданыстағы ИИ технологиялары әлі де толық автономды интеллект деңгейіне жете алмай келеді.
«Жасанды интеллект қолда бар білімге, әдебиетке, графиктерге сүйеніп үйренеді, бірақ ол болашақты болжауға ұмтылмайды», – деп түсіндірді Арвинд Кришна Остинде өткен (Техас) SXSW технологиялық конференциясында.
Билл Гейтс кванттық есептеулер 3-5 жыл ішінде нақты қолданылатын деңгейге жетуі мүмкін деп мәлімдеді. Фото formfactor.com сайтынан алынды
Кванттық компьютерлер болса субатомдық деңгейде жұмыс істейді және ықтималдық модельдеріне негізделген. Егер кванттық есептеулер толық жүзеге асса, олар дәстүрлі компьютерлерден әлдеқайда жылдам болып, жасанды интеллекінің қазіргі жүйелері ұсынатын мүмкіндіктерден асып түсуі мүмкін.
«Біз табиғаттың қалай жұмыс істейтінін түсінген бойда, мүлдем жаңа білім көздеріне ие боламыз, өйткені бұл мәліметтер қазіргі ғылымда жоқ», – дейді Арвинд Кришна.
Кванттық есептеулердің жақын арада кең ауқымда қолданылуы мүмкін екеніне сенім технологиялық мамандар арасында әртүрлі. Биыл Nvidia бас директоры Дженсен Хуанг пен Meta басшысы Марк Цукерберг қолданбалы кванттық компьютерлер 15-30 жылдан кейін ғана пайда болады деп болжағаннан кейін, IonQ және Rigetti Computing секілді кванттық компаниялардың акциялары күрт төмендеді.
Бірақ IBM басшысы Кришна бұл сала «осы онжылдықтың соңына дейін үлкен жетістіктерге жетуі мүмкін» деп сендірді. Яғни, оның болжамы бойынша 5 жылдан кейін кванттық есептеулер нақты қолданысқа енгізіледі. Бұндай оптимистік көзқарасты Билл Гейтс те қолдайды. Ол өткен айда Yahoo Finance басылымына берген сұхбатында кванттық есептеулер 3-5 жыл ішінде нақты қолданылатын деңгейге жетуі мүмкін деп мәлімдеді.
«Пайдалы кванттық есептеулерге жол ашатын» Majorana 1 кванттық есептеу чипі. Фото newscientist.com сайтынан алынды. Авторлығы: Microsoft / John Brecher
Кванттық есептеулерде (компьютерлерде) кванттық биттер (кубиттер) пайдаланылады. Олар электрондар, фотондар немесе басқа субатомдық бөлшектер болуы мүмкін. Кубиттер біз қолданатын компьютердегі 0 мен 1 мәндерін ғана емес, екеуі де бір уақытта болатын суперпозиция күйінде жұмыс істейді. Алайда кубиттер көп болған сайын есептеулердегі қателер саны да өсе береді.
Желтоқсанда (2024) Google өзінің жаңа Willow кванттық чипін таныстырды. Компания бұл чип кванттық есептеулердегі ең үлкен мәселе – қателік деңгейін едәуір төмендететінін айтты. Қаңтарда (2025) Microsoft «пайдалы кванттық есептеулерге жол ашатын» Majorana 1 атты алғашқы кванттық есептеу чипін таныстырды.
Бұл туралы Aikyn.kz «Әлемдегі барлық компьютер бірігіп шеше алмайтын есепті алақанға сыятын құрылғы шешеді» атты талдау мақаласын жариялады.
Арвинд Кришна кванттық есептеулердің қазіргі жасанды интеллект жүйелеріне қарағанда энергияны әлдеқайда аз тұтынуы мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, ЖИ жүйелерінің ең үлкен мәселелері – тар бағыттағы білімнің шектеулі болуы және энергияны көп қажет етуі.
«Алдағы бес жылда көптеген ЖИ модельдері қазіргі пайдаланылатын энергияның 1%-ын ғана тұтынатын болады. DeepSeek осының алғашқы үлгісін көрсетті», – дейді Кришна.
IBM тек кванттық есептеу құрылғыларын жасаумен ғана емес, оларды нақты өмірде қолдану мүмкіндіктерімен айналысуда.
«Технологияның шынайы құндылығы – оны кім және қалай пайдаланатынында. Жаңа өнертабыс жасаудың маңыздылығы зор болғанымен, оны жүздеген, мыңдаған компаниялар мен ұйымдар қолдана алмаса, пайдасы шамалы», – дейді Арвинд Кришна.
Ол сондай-ақ IBM компаниясының кванттық есептеулерді коммерциялық және ғылыми салада кеңінен қолдануға ұсынуды мақсат етіп отырғанын айтты.
20 наурызда Nvidia өзінің алғашқы «Кванттық күн» іс-шарасын өткізеді, онда жетекші технологтар кванттық есептеулердің даму бағыттарын талқылайды. Бұл шара графикалық процессорлар технологиясы бойынша жаһандық конференция аясында өтеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.