«AMANAT» партиясы ел аумағында бірқатар игі іс-шаралар ұйымдастырды.
«AMANAT» партиясының белсенділері өңірлерде Амал мерекесін атап өтті
394
оқылды

Наурыз – жаңару мен жақсылықтың, татулық пен бауырмалдықтың мейрамы. Бұл айда халқымыз бір-бірін құттықтап, өткен өкпе-ренішін кешіріп, жаңа күнге ақ тілектермен қадам басады. Наурыздың бастауы саналған 14 наурыз – Көрісу күні де дәл осы құндылықтарды дәріптейтін ерекше мереке. Игі дәстүрді ұлықтауға «AMANAT» партиясы да ерекше мән беріп, ел аумағында бірқатар игі іс-шаралар ұйымдастырды. 

Ақмола облысында Көрісу күніне орай, «AMANAT» партиясының «Мәдениет» бастауыш партия ұйымының мүшелері Көкшетау теміржол вокзалында жолаушыларға ерекше құрмет көрсетті. Белсенділер пойыздан түскен азаматтарға ыстық бауырсақ пен шай ұсынып, сапарға аттанған жолаушыларға ақ жол тіледі. Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Алтын Мұстафинова ақ кимешек киіп, салт-дәстүрді ұлықтап, жолаушылармен көрісіп, мерекенің мән-маңызын айрықша атап өтті.

«Көрісу күнін Наурыздың бастауы деп білеміз. Бұл – бауырмалдық пен татулықтың, мейірім мен ізгіліктің күні. Жақындарымызбен көрісіп, қол алысып, төс қағысып, бір-бірімізге ақ тілек арнайтын сәт. Бүгін сапарға шыққан жолаушыларға ақ жол тілеп, ыстық бауырсақ, ақ дәм ұсындық», – деді Алтын Мұстафинова.

Партияның Шымкент қалалық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңестің төрағасы Нұрсұлтан Балабиев және «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері 94 жастағы тыл ардагері Таисья Лазареваға арнайы барып, мерекемен құттықтады. Жастар ардагердің үйін тазалап, ауласын ретке келтіріп, оның күнделікті тұрмыс-тіршілігіне көмек көрсетті. Бұл игі іс олардың үлкенге құрмет көрсету дәстүріне деген құрметін паш етті.

«Біз ардагерлерімізге әрдайым құрмет көрсетуіміз керек. Олардың ерлігі мен еңбегі ұрпақ үшін үлкен өнеге», – деп атап өтті Нұрсұлтан Балабиев.

Жамбыл облысында да Көрісу күні – Амал мерекесі ерекше атап өтілді. «AMANAT» партиясы облыстық филиалының өкілдері партия ардагерлерінің шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады. Облыстық атқарушы хатшының орынбасары Уәлихан Болатбек өңірдің дамуына үлес қосқан Сембек Сейдазимов, Қасымхан Төлендиев және Бақыт Төлемісованың үйлеріне барып, құрмет көрсетті. Өз кезегінде ардагерлер жастардың бұл ықыласына ризашылық білдіріп, ақ баталарын берді.

Сондай-ақ Тараз қаласында Амал мерекесіне орай «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясы өтті. Партия мүшелері мен «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері 94 жастағы тыл ардагері Әбдімомын Өтегенов ақсақалдың үйіне арнайы барып, мерекемен құттықтап, ауласын тазалау сияқты игі істерді атқарып қайтты. Жастар қарияның соғыс жылдарындағы естеліктерін тыңдап, ақ батасын алды.