Қайырымдылық – адамгершіліктің айқын көрінісі, қоғамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл өз кезегінде әлеуметтік жауапкершілікті арттырудың маңызды аспектісі саналады. Бүгінде Қазақстанда қайырымдылық пен волонтерлік мәдениеті қарқынды дамып, қоғам өмірінің маңызды бөлігіне айналып келеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – Наурызнама онкүндігі енгізіліп, мерекенің жаңа логотипі бекітілді. Наурызнаманың әрбір күні қоғам өмірінің жекелеген аспектіне арналған.
Кейінгі жылдары белсенді азаматтар, қоғамдық ұйымдар мен қорлар мұқтаж жандарға жан-жақты қолдау көрсетіп, мыңдаған адамның өмірін жақсартуға өз үлесін қосып жүр. Волонтерлер мен қайырымдылық ұйымдары аз қамтылған отбасыларды қолдау мен мүгедектігі бар жандарға көмек көрсетуден бастап, жануарларды қорғауға дейінгі қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене атсалысуда.
Қайырымдылықтың түрлері
Қазіргі таңда қайырымдылық тек қаржылай көмек көрсетумен шектелмейді. Оның бірнеше жолдары бар:
- Материалдық көмек: ақша, азық-түлік, киім-кешек, медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету және т.б.
- Рухани қолдау: жалғыз қалған жандарға, қарттарға және балаларға көңіл бөлу, оларға уақыт арнау.
- Волонтерлік қызмет: тегін жұмыс істеп, түрлі әлеуметтік жобаларға атсалысу.
- Ақпараттық көмек: қайырымдылық бастамаларын насихаттау, әлеуметтік желілерде бөлісу, басқаларды қайырымдылықпен айналысуға шақыру.
Қазақстандағы қайырымдылық бастамалары
Бұған дейін айтқанымыздай, кейінгі жылдары елімізде қайырымдылық ұйымдары мен қорлардың саны артып келеді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, елде 1 371 қайырымдылық ұйымы тіркелген. Сонымен қатар, 740 волонтерлік ұйым және 1 800 бастамашыл топ жұмыс істейді. Бұл ұйымдар медициналық көмек көрсетуден бастап, білім беру мен қоршаған ортаны қорғауға дейінгі түрлі салаларда қызмет атқарады.
Мемлекет те қайырымдылық мәдениетін дамытуға ерекше көңіл бөлуде. 2022 жылы «Қайырымдылық туралы» заңға енгізілген өзгерістер қайырымдылық ұйымдарына мемлекеттік меншік объектілерін жеңілдікпен пайдалану мүмкіндігін берді. Сонымен қатар, әлеуметтік жобаларды қолдау, гранттар мен салықтық жеңілдіктер беру шаралары қолға алынды.
World Giving Index-2024
Халықаралық Charities Aid Foundation (CAF) қоры жыл сайын жариялайтын World Giving Index-2024 рейтингінде Қазақстан 124 елдің ішінде 113-орынды иеленді. Бұл көрсеткіш еліміздегі қайырымдылық мәдениеті қарқынды дамып келе жатқанына қарамастан әлі де төмен деңгейде екенін көрсетеді.
Аталған халықаралық рейтинг үш негізгі критерий бойынша сарапталады:
- бейтаныс адамдарға көмектесу;
- қайырымдылыққа қаржылай қолдау көрсету;
- волонтерлік қызметке қатысу.
World Giving Index-2024 рейтингінде Орталық Азия елдері бойынша Өзбекстан көш бастап тұр (45-орында), екінші орында – Тәжікстан (62-орында), ал Қырғызстан үшінші орынға (64-орында) орналасқан. Осылайша зерттеу нәтижесі көршілес елдермен салыстырғанда Қазақстандағы қайырымдылық мәдениетін әлі де дамыту қажет екенін көрсетеді.
Ал қайырымдылық саласын жандандыру үшін халық арасында әлеуметтік жауапкершілікті арттырып, азаматтарды волонтерлік қызметке ынталандыру және қайырымдылық қорларының ашықтығын қамтамасыз ету өте маңызды.
Бүгінде Қазақстандағы ірі қоғамдық қорлардың бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры. Қордың мақсаты – әлеуметтік мәселелерді шешу және халықтың осал топтарына көмек көрсету. Бүгінде «Қазақстан халқына» қорының қызметі жан-жақты бағыттағы жұмыстарды қамтиды:
- Әлеуметтік қолдау: әлеуметтік осал топтарға, оның ішінде аз қамтылған отбасыларға, қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету.
- Білім беру: оқушылар мен студенттерге арналған білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру, стипендиялар мен гранттар беру.
- Денсаулық сақтау: медициналық көмек көрсету, ауруханаларға жабдықтар сатып алу, науқастарға қолдау көрсету.
- Мәдениет және спорт: мәдени шараларды ұйымдастыру, спорттық инфрақұрылымды дамыту, жастарды спортқа баулу.
«Қазақстан халқына» қоры Басқарма төрағасының орынбасары София Айсагалиева да кейінгі жылдары Қазақстанда қайырымдылық мәдениеті қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Бүгінде азаматтар мен бизнес өкілдері әлеуметтік жауапкершілік танытып, өмірде қиын жағдайға тап болғандарға көмектесуге ұмтылып, қайырымдылық бастамаларына белсене қатысуда. Осылайша, қоғам мен меценаттардың бірлескен күш-жігерінің арқасында әлеуметтік саланың тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды жобалар іске асырылып жатыр.
– Қордың көмегін алушыларының көпшілігі – ауыл тұрғындары, өйткені қажетті ресурстар мен мүмкіндіктердің тапшылығы негізінен шағын елді мекендерде жиі байқалады. Ауылдық өңірлерде сапалы білімге, медициналық және әлеуметтік қызметтерге, жан-жақты даму үшін жағдайларға қол жеткізу қалалармен салыстырғанда шектеулі болып келеді. Сондықтан Қор өз жұмысының едәуір бөлігін ауылдық жерлердегі объектілерді қолдауға бағыттайды. Атап айтқанда, білім беру және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға, инклюзивті ортаны дамытуға және халықтың физикалық және зияткерлік дамуы үшін мүмкіндіктер жасауға өз үлесін қосуда.
Осындай бастамалардың арқасында көмек тек жекелеген азаматтарды ғана емес, сонымен қатар ауқымды қауымдастықтарды да қамтып, өңірлердің жан-жақты дамуына және қала мен ауыл арасындағы әлеуметтік теңсіздіктің азаюына ықпал етеді, - дейді София Айсагалиева.
Қайырымдылыққа қалай үлес қосуға болады?
Бүгінде қайырымдылық жасау үшін үлкен байлықтың қажеті жоқ. Кез келген адам мұқтаж жандарға түрлі тәсіл арқылы көмектесе алады:
- Қаржылай қолдау: қайырымдылық қорларына ақша аудару.
- Заттай көмек: өзіңізге қажетсіз, бірақ қолдануға жарамды заттарды мұқтаж жандарға беру.
- Волонтер болу: түрлі қоғамдық шараларға қатысу, волонтер ретінде қол ұшын созу.
- Ақпарат тарату: қайырымдылық бастамалары туралы айтып, сондай бастамаларға қолдау көрсету, жарнамалау.
Қайырымдылық – қоғамды біріктіретін, адамдарды жақындастыратын ізгілік. 15 наурызда әрбір адам өз мүмкіндігіне қарай игі іс жасаса, бұл күн шынайы мейірімділік мерекесіне айналары сөзсіз.