Сыр өңірінде заңғар тұлға Зейнолла Шүкіров пен ақиық ақын Асқар Тоқмағанбетовке мұражай ашу ісі көп жыл бойына арагідік болса да көтеріліп келеді.
Екі ақынға бір мұражай қажет-ақ
165
оқылды

Өңір халқы сөз асылын теріп, елі үшін еміреніп өткен біртуар тұлғалардың ғұмыр тарихы мен өскелең ұрпаққа қалдырған асыл қазынасын осы арқылы қайта жаңғыртуға жол ашылар еді деген пікірде. 

Бағзыдан Қызылорда – тарихи тұл­ғалардың, жыр алыптарының тұсауы кесілген құтты мекені саналады. Әдебиет майталмандарының ізі қалған өңірден ғимараттар мен көпқабатты үйлердің алдына орнатылған «Бұл үйде белгілі ақын немесе жазушы тұрған» деген тақтай­шаларды көптеп кезіктіруге болады. Осының өзі Ұлт зиялыларының сара жолы қалыптасқан Алаштың алғашқы астанасының тарихи-мәдени мәні зор екенін аңғартса керек. 

Дейтұрғанмен, Сыр топырағын басып, көптеген шығарманың өмірге келуіне ұйыт­қы болған талайлы тағдыр иелерінің өңірде әлі күнге дейін өз деңгейінде ұлық­талмай тұрғаны дүйім жұртты тол­ған­дырып жүр. Соның ішінде жоғарыда айтып өткені­­міздей, Аралдың арда перзенті, ақиық ақын Зейнолла Шүкіров пен ақын, жазушы, сати­рик Асқар Тоқ­маған­бетовтің та­сада қа­лып тұрғаны көпті қынжылтады. 

Негізінен, Зей­нолла ақынның қи­лы тағдыры тебі­ре­ніске толы болғаны дүйім жұртқа мәлім. Бұл жалғанда ол жарты ғасырдан астам ғұмырын төсекте өткізсе де, тағдырдың ауыр сынағына мойымады. Қан­д­ай қиындыққа тап болса да, қолынан қаламы бір сәтке түспеді. Бастауыш сы­ныптық білімі болғанымен том-том кі­таптар жазып, халқының рухани қазы­насын молайтуға зор үлесін қосып кетті. 

Бүгінде облыс орталығында ақынның атына берілген көше бар. Көзкөргендердің айтуынша, бір кездері сол маңдағы төрт­қабатты үйдің төменгі қабатында ақын­ның өзі тұрғаны айтылады. Сол үйдің алдына мәрмәр тастан арнайы ескерткіш тақта орнатылып, ақынның «Бір жұлдыз болып жанамын мен, бір жұлдыз болып қаламын мен» деген өлеңінің екі жолы жазылған. 

Бір кездері сол үйді ақын атындағы мұражайға айналдыру жайы көпшілік тарапынан сөз болды. Ел зиялыларының ұсыныс-тілектері баспасөз беттерінде де аз жарық көрмеді. Бірақ өкінішке қарай, бұл үй өзгеге сатылып кеткені кейіннен мәлім болды. 

Ал белгілі жазушы, ақын, сатирик Асқар Тоқмағанбетовтің де өмір жолы өзгеше өрнекке толы. Сұлу сырды әсерлі шығармаларымен тербеген тарихи тұл­ға­ның 70-тен астам кітабы жарық кө­ріпті. Сондай-ақ бүгінде ақынның қа­ламынан туған 100 мыңнан астам өлеңі жас ұрпаққа рухани азық болып жүр. Өз за­ма­нында «Ком­сомол ақы­ны» атанған оның сатира жанрында да құлаш сермегені белгілі. 

Сыр жұрты белгілі тұлғаның есімін өз дең­гейінде де ұлықтай ал­май жүр деп айтсақ жал­ған болар. Қазір өңір­де ақын атын­дағы көше, мәдениет үйі, тіпті ауыл да бар. Еңселі ескерткіш те орнатылған. Алайда ақынның өмір тарихынан сыр тартатын сырлы шығармалары, тұтынған бұйым­дары мен қолжазбаларын топтастырып, жас ұрпаққа кеңінен дәріптеуге негіз болатын бір мұражай ашу қажеттігі өзді­гінен сұранып тұрғаны жасырын емес. 

«Қос ақынымыз да тамаша туындыла­рымен кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдыр­ған мақтаныштарымыз. Екеуі де сөз асы­лын теріп, елдің көкейіндегі ойын дер ке­зінде шығармаларына арқау еткен дара тұл­ғалар. Теңізбен бірге тыныстап, тол­қын­нан қуат алған Зейнолла ақын арал­дық­тардың мақтанына айналса, Асқар Тоқ­мағанбетов ағамыздың өміршең шы­ғармалары әлі талай ғасыр өз құндылығын жоймайтыны ақиқат. Осы орайда қос тұлғаға облыс орталығынан арнайы мұра­жай ашу қажеттігі туындап тұрғаны рас. Талай жылдан бері бұл мәселе аз айтыл­маса да, іс жүзінде нақты нәтиже бермей тұрғаны өкінішті. Ғұмырының соңына дейін туған жері, халқы үшін тебіреніп өткен дара тұлғаларды ұлықтауға әлі де кеш емес. Арнайы мұражай ашып, қос ақынның тұтынған бұйымдары мен шы­ғармаларын жас буынның жадында жаң­ғырту жайы ескерілуге тиіс. Құзырлы орындар тарапынан бұл мәселеге бейжай қарамай, нәтижелі жұмыстар жүргізсе нұр үстіне нұр болар еді», – дейді қоғам белсендісі Сапар Ерімбет. 

Негізінен, тарихы тереңнен тамыр тартқан Сыр өңірінде өткеннен сыр шертетін мұражайлар қатары аз емес. Нақты айт­қан­да, бүгінде облыс бо­йынша барлығы 14 му­зей халыққа қыз­мет көр­сетеді. Оның ішінде ­об­лыс­тық деңгейде 2 му­зей болса, қала­лық – 1, сондай-ақ 9 ау­дандық музей фи­лиа­лы және 2 ауыл­дық му­зей жұ­мыс істейді. Оның ішінде Ыбырай Жа­қаев, Нартай Беке­жа­нов, Ғани Мұратбаев атын­дағы музейлер тағы­лымы мол рухани орындар қатарында десек артық айт­паспыз. Алайда сыр сүлейлерінің өнер ордасына айналған облыс орталығында ақын-жазушыларымыздың өмір жолынан мәлімет беретін арнайы мұражайлардың болмауы көңілге кірбің ұялатады. 

Осы мәселе бойынша Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіне сауал жолдадық. 

«Облыс аумағындағы музейлердің әрбірінде Сыр өңірінің шежіресі, туған жеріміздің тарихынан мағлұмат беретін құнды жәдігерлер көмбесі аз емес. Онда әр аймақтың аузы дуалы ақын-шайырлары мен Қазақ қайраткерлерінің өмір жолы­нан мол мағұлмат беретін тың деректер қамтылған. Бірақ Зейнолла Шүкіров пен Асқар Тоқмағанбетовке арнайы мұражай ашу ісі әзірге жоспарда жоқ. Мұндай орын ашылады немесе ашылмайды деп нақты айта алмаймыз», – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директорының орынбасары Жаннат Дәуренқызы. 

Жалпы, өңірден қос тұлғаның сырлы әлемінен сыр шертетін арнайы мұражай бүгін-ертең ашылмайтын сияқты. Нақты қай уақытта қолға алынатыны да беймәлім күйде қалып тұр. 

Ал жергілікті жұртшылық Сырдан шық­қан қарымды қаламгерлерді дә­ріптейтін сәт туды деп отыр. Сондықтан да қос тұлғаға мұражай ашу ісін жедел қолға алса деген тілегін жеткізді. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы