Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек!» жобасы аясында ерекше күтімді қажет ететін балалар мен олардың ата-аналарына арнап «Наурыз: ерекше жүректерге – ерекше қуаныш!» атты мерекелік кеш өтті. Жиынның басты мақсаты – ерекше балаларға және олардың отбасына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, өмірге деген құштарлығын арттырып, қоғамға бейімдеу.
Шара барысында «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов құттықтау сөз сөйлеп, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға және осы саладағы мамандарға ризашылығын білдірді.

– Бұл күні біз ерекше балаларымызға, олардың ата-анасына және қоғамымыздың игілігі үшін жұмыс істейтін мамандарға ерекше көңіл бөліп, алғыс білдіріп отырмыз. «Кедергісіз келешек!» жобасы – бұл қоғамның барлық мүшелеріне тең мүмкіндік жасауға бағытталған маңызды бастама. Ерекше балалар мен олардың отбасына қолдау көрсетіп, олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған әр қадамымыз еліміздің дамуына үлес қосады. Біз бірге болсақ, барлық кедергілерді жеңіп, болашаққа нық қадам жасай аламыз, – деді.
Іс-шара барысында ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандарға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасы Мұрат Жолдыхожаевтың атынан арнайы алғыс хаттар табысталды. Бұл сый-сияпаттар өз ісін адал атқарып жүрген адамдардың еңбегін бағалау және қолдау мақсатында берілді. Сонымен қатар, концерттік бағдарламада мерекенің тақырыбына сай әндер орындалып, сахналық қойылымдар қойылды. Мереке соңында Әйелдер қанатының атынан 350 ерекше балаға сый-сияпаттар табыс етілді. Бұл сыйлық олардың көңілін көтеріп, болашаққа деген үмітін арттырды.
Салтанатты шараға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, партия филиалы жанындағы Отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі аймақтық кеңесінің төрайымы, партия филиалы жанындағы Әйелдер қанатының мүшесі Баян Жандосова, кеңес мүшесі Жанна Утесинова, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Нұржан Абдезов және ардагерлер ұйымының өкілдері қатысты.