ҚМА Алматы облыстық департаменті Қарасай ауданы мәслихатының экс-депутатына қатысты аса ірі көлемде алаяқтық және қылмыстық кірістерді заңдастыру фактісі бойынша тергеу жүргізуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Күдікті мемлекеттен субсидия алу мақсатында Алматы облысының Ауыл шаруашылығы басқармасына таңқурай көшеттерін сатып алу туралы жалған құжаттар ұсынған. Ал оның жалпы құны 947 миллион теңгені құрады.
Нәтижесінде, ол 474 миллион теңге деп көрсетілген соманың 50%-на заңсыз субсидия алған.
– Бұл кірістерді жылыстату үшін күдікті 21 жеке кәсіпкермен көшеттерді орау, тиеу, түсіру жұмыстарын орындау үшін жалған келісімшарттарды қамтитын көпдеңгейлі схеманы әзірлеген, бірақ іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмаған.
Аталған жалған келісімдер мен төлем құжаттары негізінде 431 млн теңге сомаға қолма-қол қаражат алынды, – деп мәлімдеді агенттік өкілдері.
Ұрланған қаражаттарды заңды айналымға тарту мақсатында ол жұбайының атынан бағалы қағаздармен операциялар жүргізіп, қосымша 89 млн теңге заңсыз табыс тапқан.
Бұған қоса, экс-депутат қылмыстық табысқа Алматы қаласынан екі бөлмелі пәтер және Toyota Highlander автокөлігін сатып алған.
Аталған мүлікке, сондай-ақ 50 млн теңге ақша және 91 млн теңге құны бар бағалы қағаздарға тыйым салынды.
Сонымен қатар оның мемлекеттен ұрланған 170 млн теңгені Қонаев қаласындағы казиноға құртқаны белгілі болды.
– Соттың санкциясымен күдікті 2 айға қамауға алынды.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жарияланбайды, – делінген ақпаратта.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.