Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Қостанай облыстық «AMANAT» партиясының филиалы оқушыларға автомобиль көлігі колледжіне экскурсия ұйымдастырды. Іс-шара Наурызнама мерекелік онкүндігі барысында өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Дәстүр бойынша бұл кезең жаңару, бірлік және ұрпақтар сабақтастығына арналады. Осындай кездесулер жастарға болашақ мамандығын таңдауда жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Наурыз – жаңару мерекесі, ал осы жаңарудың негізінде ұрпақтар сабақтастығы мен мәдени дәстүрлердің байланысы жатыр. Оқушыларға еңбекке және дамуға деген ұмтылысты сіңіре отырып, оларға өнеркәсіптік прогрестің заманауи үлгілерін көрсету арқылы біз ата-бабаларымыздан қалған дәстүрді жас буынға жеткіземіз», – деді партияның өңірлік филиалының кеңесшісі Айтөре Тұрсын.
Экскурсияға Қостанай қаласындағы №8 орта мектептің 60-қа жуық оқушысы қатысты. Басты мақсат – техникалық мамандықтардың маңыздылығын түсіндіру, оқушыларға кәсіби бағдар беру. Іс-шара барысында жастар колледж тарихымен танысып, оның заманауи шеберханаларын аралады. Мұнда оларға автомобиль құрастырудың негіздері көрсетілді.
Оқушылар үшін ең қызықты сәттердің бірі – жүк көліктерінің құрастыру процесін тамашалау болды. "КамАЗ" қозғалтқышының жұмыс істеу қағидаты, техникалық ақауларды диагностикалау және қосалқы бөлшектерді ауыстыру туралы толық мәлімет берілді.
Өндіріс орнына алғаш рет барған 10-сынып оқушысы Айбек Омаров автомобиль өнеркәсібіне қызығушылығы артқанын айтты.
«Мен әрдайым көліктерге қызығатынмын, бірақ оларды жинау осыншалықты күрделі әрі қызықты екенін білмеппін. "КамАЗ"-дың қозғалтқышын қалай орнататынын көргенде, өзім де бірдеңе құрастырып көргім келді. Әрине, мектептен кейін осында оқуға түсіп, техникамен жұмыс істеп, пайдалы іспен айналысқым келеді», – деді ол.