Елордада Шанхай ынтымақтастық ұйымы инвесторлар қауымдастығының жұмысы басталды.
Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсарту мәселесі талқыланды
Фото: gov.kz
707
оқылды

Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Инвесторлар қауымдастығының алғашқы отырысы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Құрылтай жиналысында мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 20-дан астам инвестициялық ведомстволары мен қорларының өкілдері қатысты.

Отырысқа қатысушылар ШЫҰ шеңберіндегі өзара іс-қимылдың ағымдағы және перспективалық бағыттары туралы пікір алмасты, сондай-ақ экономиканың негізгі салаларында әлеуетті инвестициялық жобаларды қалыптастыру мүмкіндіктерін талқылады. Инвестициялық ахуалды жақсарту және осы саладағы бар кедергілерді еңсеру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Отырыстың қорытындысы бойынша, Қауымдастықтың жұмыс жоспары қабылданды және Хаттамаға қол қойылды.

Инвесторлар қауымдастығы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімімен 2024 жылғы 4 шілдеде Ұйымның Астана саммитінде құрылды және ШЫҰ форматындағы тікелей және портфельдік инвестициялар нарығын дамыту, оларды елдер экономикаларының басым секторларына тарту және инвестициялық жобаларды кешенді сүйемелдеуге арналған көпжақты, консультациялық-сараптамалық алаң болып саналады.