Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Ринат Зайытов елдегі жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларға тоқталып, бүгінде Мәжілісте қабылданып жатқан жаңа заң жобаларының келер ұрпақ үшін де маңызы зор деген пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
– Бүгінгі келелі жиын үш жылдықтағы саяси реформалардың аралық нәтижесіне арналып отыр. Әрине, жасағанымыздан алда жасайтынымыз көбірек. Ұлы жетістіктерге бара жатқанымыз анық. Бұл – тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси институттарға, ойы бөлек азаматтарға деген сенімінің арқасы.Қазақта «балпаң-балпаң кім баспас, басуға балтыр шыдаса», – деген жақсы сөз бар. Осы сөздің мағынасын мен шынымен Мәжіліске келгенде ғана түсінгендеймін. Менің күнделікті жұмысқа келетін сапарымдағы әр қадамым аяғымды еріксіз дірілдетеді. Өйткені күнделікті Мәжіліске жұмысқа келе жатқан әр депутаттың әр қадамында халықтың үміті, халықтың аманаты және халықтың тағдыры бар.
Қазақ үшін қашаннан да бері елдің аманаты мен сенімінен ауыр жүк жоқ. «Дөп» бассаң – ел үмітін ақтаған ерсің, «қалт» бассаң – жаудан бетер езсің! Кейде тіпті көтерген сұрағыңа орынсыз сын тағып, «Осы мәселе сендер қозғайтын тақырып па? Неге жоғарыдағылар ұсақ-түйек мәселелер қозғайды» деп жатады. Өз басым бұл сынмен келіспеймін. Себебі біз – бір мемлекетпіз! Сондықтан ұсақ, ірі демей, әр мәселеге бірдей жұмылуымыз керек. Шалғайда жатқан бір ауылда кішкентай баланың тісі ауырса, оған Астанадағы министрдің жүрегі ауруы керек.
Жұмыла көтерсек, жүгіміз жеңілдейді. Құдайға шүкір, Мәжіліске келген уақыттан бері қадамымыз нықталып, бойымыз шынығып келе жатыр. Себебі Мәжілістің бүгінгі құрамы қазақтың ертеңіне жарайтын, кейінгі буын ұқсата білсе, одан да арғы ұрпақ та қызығын көретін заңдар шығарып жатыр деп айта аламын.
Иә, мақтанатын да, ақталатын да, алда атқаратын да жұмыс көп. Дегенмен беталысымыз жаман емес. Бүгінде мемлекетте болып жатқан өзгерістерді «көрмес» қана байқамайды, – деді депутат.
Депутаттың айтуынша, бұл ретте Парламенттің ықпалы айтарлықтай артып, халық депутаттардың кім екенін, олардың не істейтінін тереңірек түсінді. Мәжілісте апта сайын сауал жолдап, Үкімет мүшелерін сұрақтың астына алып жатқан депутаттарға қарап халықтың ойындағы өшкен үміті қайта тірілді.
– Бұрын ел арасында, көшеде ғана айтылып, ұзаса бірер ереуілменен амалсыз басылып қалатын халықтың үні бүгінде төрге жетті. Елдің көкейінде жүрген түйткілдің бәрін осында қоғам белсенділерімен, сарапшылармен бірге бүкпесіз талқылаймыз.Парламент халыққа ашық түрде жұмыс істеп жатыр. Көтерілмей қалған мәселе, айтылмай қалған ой жоқ. Осылайша, қоғамды толғандыратын көптеген мәселе шешімін тауып, елдің іргесі беки түсті. Әрбір игі іс жүзеге асқан сайын халықтың билікке деген сенімі артып келеді.
Халықтың үні, тағдыры мен болашағы, өмірі мен өзегі, ол – Парламент.
Қазір Мәжіліс пен мәслихаттардың қарым-қатынасы қоюлап, елдің ортасында жүрген әріптестерімізбен ұдайы хат-хабар алысып отырмыз. Бұл байланыстың нығаюына «AMANAT» партиясы өткізіп келе жатқан «Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумы» тікелей әсер етті. Аймақтағы депутаттармен бірге атқарушы биліктің де қатары жаңарып, күшейе түсті.
Әрине, мемлекеттегі оң өзгерістердің барлығының негізінде Президенттің ойлы саясаты мен батыл бастамалары тұр. Уығы мықты үйдің ғана шаңырағы шайқалмайтыны баршамызға аян, – деп атап өтті депутат.
Зайытов өз сөзінде жеткен жетістіктерге ғана емес, 30 жылда кеткен кемістіктерге де тоқталуды жөн көрді. Оның сөзінше, біз оған бүгін назар аудармасақ, ол ертеңімізге апат болып келуі әбден мүмкін.
– Өкінішке қарай, қазіргі қазақ қоғамы өте үлкен жылдамдықпен рухани дағдарысқа ұшырап барады. Күн сайын еліміздің әр түпкірінде бір отбасы бұзылып, бір оқушы зәбір көріп, бір адам кісі қолынан қаза тауып, біреу пара алып, біреу өзіне қол жұмсап, біреу алаяққа жем болып жатады. Мұндай мысалдар таусылмайды. Бүгінгі қазақ қоғамы туғанға тасбауыр, жақынға жау, досына дұшпан болып кетті.Қоғамның қатыгез бола бастауына не себеп болды десеңіздер, бірден жауап беру қиын. Өйткені оның себебі біреу емес. Тұрмыстағы таршылық, тәрбиенің жоқтығы, жеткіншектерге үлгі болатын тұлғалардың құбыжыққа айналуы, материалды байлықтың бірінші орынға шығуы, әлеуметтік желідегі белгілі тұлғалардан бастап әртүрлі дін мен ұлт өкілдерінің өзара ашық соғысы, т.с.с. осының бәрі адамның рухани тозып, қатыгез болуына әкеліп соғып жатыр.
Өзімшілдік пен менмендік қоғамның басты індеті болып тұр. Бүгін ойланбасақ, ертең кеш болмақ. Сондықтан кешіктірмей идеологиялық тәрбие жұмысын күшейтуді бастау керек.
"Тәрбие – тал бесіктен" дегендей Қазақстандағы мультфильмнен киноға, балабақшадағы тақпақтан романдарға дейін адамдардың бойындағы мейірім мен бауырмалдықты, мемлекетшілдік пен әділдікті насихаттауы керек. Сонда ғана біз Қазақ мемлекетінің байрағын құлатпай, мәртебесін асқақтататын ұрпақ өсіре аламыз. Қазақ мемлекетінің материалдық емес құндылықтарын қайта түгендеп, оны жастардың санасына сіңіру – біздің міндетіміз! – деп түйіндеді Зайытов.