Жастарды қолдау кеңесінде Мемлекеттік орган өкілдерінен жастар арасындағы жұмыссыздық бойынша баяндама тыңдалатын болады.
Жастар жұмыстан бұрын жоғары жалақыны ойлайды
394
оқылды

Бүгін орталық аппаратта «AMANAT» партиясы жанындағы Республикалық Жастарды қолдау кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңеске төрағалық етуші – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Кеңес төрағасы Нартай Аралбайұлы бүгінгі кеңестің басты тақырыбын жастар арасындағы жұмыссыздыққа арнады.

– Еліміздегі жұмыссыздық мәселесін былтыр осы кеңес отырысында көтердік. Мәжілістің мінберінде де талқылап жатырмыз. Жалпы, бұл тақырып күн тәртібінен түспеді. Соған қарамастан, бұл тақырыптың шешімі әлі күнге дейін табылған емес. Тіпті, ресми ұйымдардың ұсынған есебін халық ашумен, ызамен қабылдайды. Өйткені бұл мәліметтер шынайы өмірдегі жағдаймен еш сәйкеспейді.  Оған бәріміздің көзіміз жетіп отыр.

Жуырда «AMANAT» партиясы атынан мәжілісте мәлімдеме жасадық. Сонда Үкіметтің және Статистика бюросының мәліметіне сенсек, соңғы 15 жылда біздің елде жұмыссыздық мәселесі 4-5 пайызға, әсіресе, 4-9 пайызға жеткен деп көрсетілген. Бірақ бұл мәлімет шындыққа мүлдем жанаспайды. Шынайы көрсеткішке қарасақ, елдегі жұмыссыздық ахуалы 10-12 пайыздық деңгейге жеткен. Біздің есебімізше, жұмыссыз жүрген жастардың саны – 1 миллион. Жалпы, халық ішінде жұмыссыздар саны 2-3 миллионның төңірегінде шыққан. Бұл ауадан алынған ақпарат емес, банктің ресми берілген дерегі, – дейді Нартай Аралбайұлы.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений  Кочетов жұмыссыздық мәселесі соның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық министрліктің басты назарында екенін атап өтті.

– Қазақстан Республикасы Ұлттық статистикалық бюро агенттігінің мәліметіне сәйкес, 2024 жылдың ІV тоқсаны бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық 3,3%. 2023 жылмен салыстырғанды 0,1% төмендегенін көрсетіп отыр. Бұл – статистикалық дерек. Neet санатындағы жастармен тікелей жұмысты Отбасының цифрлық картасы аясында жүргізілуде. Өңірлерге арнайы мәліметтерге қол жеткізу мәртебесі берілді. Сонымен қатар Smart Data Ukimet аясында Neet санатындағы жастар жастардың паспорт кейсі қабылданып, дашборд аясында жастардың барлық санаты, жұмыссыз, отбасын құрған, оқу оқып жүрген жастар және т.б. өңір бөлінісінде сандық негізде көруге болады, – деді ол.

Евгений  Кочетовтың айтуынша, былтыр министрлік «Қазақстан жастары – 2024» атты жастар арасында олардың экономикалық ахуалын анықтау мақсатында әлеуметтік зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, респонденттің 67,4% өзінің және отбасының өмір жағдайы жақсарғанына дауыс берген. Ал 33,4% өмірінің еш өзгермегенін айтқан. 2022 жылғы зерттеумен салыстырғанда осы жолғы қатысушылар бүгінгі өміріне оптимизммен қарайды.  Оның үстіне, жастардың басым бөлігі жұмыс табуға емес, жалақының мөлшеріне ден қойған. Тек олардың 48 пайызы маман ретінде өсіп, біліктілігін арттыруды ғана ойлаған. Жастардың талап етіп отырған ең төменгі жалақы мөлшерлеме – 500 мың теңгеден миллион теңге аралығы.

 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы  комитетінің төрағасы Ерболат Махамбетұлының мәліметінше, Қазақстанда 15 пен 34 жас аралығындағы 5,7 млн жас бар. Бұл еліміздің жалпы халқының 28%-ын құрайды. Соның ішінде экономикалық белсенді жастардың үлесі - шамамен 39%-ын немесе 3,7 млн адам. Ал елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құраса, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,3%-ға жеткен.

Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Таңсауле Серіков, Наурыз Сайлаубай, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері: ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары  Игорь Лепеха, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Ерболат Абулхатин,  «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова, Alayaq.net жобасының жетекшісі Нұрсұлтан Орынбеков,  «Жастар рухы» ЖҚ өкілдері ғана емес, 17 облыстың, үш республикалық маңызы бар Астана, Алматы, Шымкент қалаларының Жұмыспен қамту басқармасының басшылары да қатысты.