«Kеруен сарай» кешенінде «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбымен өңірдің туристік маусымы ашылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстың туристік әлеуетін, инфрақұрылымын жақсарту және қонақтарға жоғары деңгейде қызмет көрсету мақсатында ұйымдастырылған шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс тұрғындары мен саяхатшылар қатысты.
Туристік маусымның ашылуында көрермендерге ерекше шоулар ұсынылып, ұмытылмас әсер сыйлады. «Jana lep» шығармашылық ұжымы қазақтың ұлттық әндерін орындап, көпшілікті сүйсіндірді. Сондай-ақ заманауи әуендер шырқалды. Туристер мен түркістандықтарды таңғалдырған мерекеде тарихи тұлғалар мен кейіпкерлер енгізілген керуен жүріп өтіп, балалар ұлттық ойындарды ойнады. Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абай Құнанбайұлы сынды ойшылдар жұртшылықпен қауышты.
Туристік мерекеде 2,5 тонна наурыз көже пісіріліп, жұртшылыққа ұсынылды. Көже 150 теңгеден сатылып, жиналған барлық қаражат балалар үйіне қайырымдылық ретінде беріледі. Қонақтар мен түркістандықтар наурызкөжемен ауыз ашып, бір-бірін мерекемен құттықтады. Сиқыршылар қойылымы көрсетіліп, барабан шоуы ұйымдастырылды. Тамақты жылдам жеуден жарыс және қолөнершілердің шоулары өтті. Әсем әндер шырқалып, би биленді, – делінген хабарламада.
Аймаққа келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді. Түркістан Қазақстанның және бүкіл түркі әлемінің ең ірі туристік орталықтарының біріне айналуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысына келген туристер саны 500 мыңнан асты. Ал біркүндік келушілер саны 1 миллионға жуықтады. Сондай-ақ 2024 жылдың III тоқсанында орналастыру орындарында демалған туристер саны 235 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12%-ға өсті. Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы Заңның қабылдануы – өңір үшін тарихи оқиға. Бұл бастама Түркістанның туризм саласындағы әлеуетін одан әрі нығайтуға және дамытуға зор мүмкіндік береді.
Айта кетейік, биыл Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы Заң қабылданды. Бұл маңызды құжат облыстың туристік әлеуетін арттыруға, жаңарған шаһардың әлемдік деңгейде танылуына жаңа серпін бермек.
Бүгінде тарихи шаһарға шет мемлекеттерден және еліміздің басқа өңірлерінен келушілер саны күрт артуда. Қазірдің өзінде қонақүйлердегі жатын бөлмелердің 90%-ға жуығы толған. Мерекелік демалыс күндерге барлық қонақүйлердегі төсек-орындар толық брондалған. Сонымен қатар 21 наурыз күні Алматы-Түркiстан-Шымкент-Ташкент-Самарқанд пойызымен 250 турист келеді деп күтілуде. Туристерге 68 орналастыру орны, 1372 бөлме, 3048 төсек-орын келушілерге қызмет көрсетіп жатыр.
Сонымен қатар әуе билеттері толық сатылуда.
2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында E-qonaq ақпараттық жүйесі бойынша қалаға келген шетелдік туристер саны 1310 адамды құрады. «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы берген мәлімет бойынша қаңтар-ақпан айында 47 мыңнан астам келушi тіркелген. 2024 жылы Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атанды. Бұл мәртебе өңірдің туристік ағынының артуына ықпал етті. Өткен жылдың наурыз айында қалаға келушілердiң саны 79,8 мың адамды құраған. Түркістан қаласының ерекше мәртебеге ие болуына байланысты бұл көрсеткіштердің тағы да арта түсері анық.
Облыста 235 орналастыру орны және 75 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді. 2024 жылдың қорытындысымен өңірдегі табиғи аумақтарға 128,6 мың адам, тарихи орындарға 880,1 мың адам саяхаттаған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.