Ақтауда толассыз жауған нөсер жаңбыр салдарынан көшелерді су басты, – деп хабарлайды Aikyn.kz lada.kz-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде тараған видеолардан көше бойында жиналған су деңгейі жоғарылап, көлік қозғалысына кедергі келтіріп жатқанын көруге болады.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, Ақтау көшелерінен 350 текше метр жаңбыр суы сорылған. Коммуналдық сала қызметкерлері автомобиль жолдарында жиналған жаңбыр суын сору жұмыстарын әлі де жалғастыруда. Аталған жұмыстар қала аумағында тәулік бойы жүргізіледі.
Облыстық ТЖД нөсер мен жерасты суларының көтерілуі салдарынан Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында кейбір көшелер мен аулаларда су жиналу фактілері тіркелгенін мәлімдеді.
– ТЖД-ның 4 техникасы, 6 мотопомпа, 24 қызметкері, жергілікті атқарушы органның 11 техникасы, 14 мотопомпа, 27 қызметкер жұмылдырылды. Зардап шеккендер мен мал шығыны жоқ. Елді мекендер мен өндірістік нысандарға қауіп төнбейді. Жағдай бақылауда, – деді ТЖД өкілдері.