Алматы қаласында әскери патриоттық, спорт және құтқарушыларды дайындау саласындағы ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.
Құтқарушы мамандығына жастардың қызығушылығын арттыру мақсатында меморандум жасалды
Фото: Аманат
570
оқылды

Алматы қалалық «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты, Төтенше жағдайлар департаменті, ҚР ТЖМ қолдауымен  Batyr Team  спорт клубы үшжақты меморандумға қол қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл бастама жастар арасында әскери патриоттықты дамытуға, сала мамандарының кәсіби даярлығын арттыруға және спорт мәдениетін дамытуға бағытталған. Алматыда меморандумға қол қою рәсіміне ТЖД басшысы Нұрлан Атығаев, «Жастар рухы» Жастар қанатының Алматы қалалық филиал төрағасы Дидарбек Ділдәбек және Алматы қаласындағы  Batyr Team  спорт клубының жетекшісі Нұрсұлтан Орынбасаров қатысты.

Ынтымақтастық аясында «Жастар рухы» ЖҚ республикалық  Qaisar  жобасы мен «Сарбаз болғым келеді» акциялары бірлесе ұйымдастырылып, қызметкерлердің дене дайындығын арттыруға арналған арнайы спорттық жаттығулар мен оқу курстары жалғасын табады.

«Соңғы жылдары үлкен табиғи апаттар құтқарушылар рөлінің қаншалықты жоғары екенін көрсетті. Осы ретте, бүгінгі меморандум жастардың спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, отансүйгіштік пен елге деген құрметті қалыптастыруда еңбек етеді деп сенемін. Бастамасы ретінде алдағы апта Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты полк аумағында «Сарбаз болғым келеді» акциясын ұйымдастырамыз», – деді Алматы қаласы «Жастар рухы» ЖҚ филиалы төрағасы Дидарбек Ділдәбек.

Алматы қаласындағы Batyr Team спорт клубының жетекшісі Нұрсұлтан Орынбасаров: «Құтқарушылар әрдайым жақсы формада болуы керек, сондықтан спорт – олардың қызметіндегі ең маңызды бағыттардың бірі. Олар әрдайым апаттар мен төтенше жағдайлармен күрестің алдыңғы шебінде жүреді. Сондықтан да мен тәжірибелі жаттықтырушы ретінде олардың дамуына өз үлесімді қосуды қалаймын».

Нұрсұлтан Орынбасаров – Сағадат Нұрмағамбетов атындағы спорт клубының бас жаттықтырушысы, Алматы облыстық мәслихатының депутаты, джиу-джитсудан қара белбеу иегері. Сондай-ақ көптеген әлем чемпиондарын тәрбиелеп, әскери қызметкерлер, құқық қорғау органдары мен арнайы жасақ сарбаздарын дайындаумен айналысады, жауынгерлік және дене дайындығы бойынша түрлі шеберлік сабақтарын өткізеді.

Оның айтуынша, меморандумның басты міндеттерінің бірі – жастардың құтқарушы мамандығына деген қызығушылығын ояту, саламатты өмір салтын насихаттау және бұл кәсіптің беделін арттыру.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM  арнасынан табасыз.